Сиыр жылы туғандардың мінезі қандай?
Сиыр жылы туғандардың табиғи белгісі – су. Соған байланысты бұл жылы дүниеге келгендер тұрақты, сабырлы болып келеді, көшбасшылық қасиетке де ие.
Ал осындан бес ғасыр бұрын жазылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабында адамдардың мінезін туған жылына қарай сипаттап берген.
«Маңғаз (сиыр). Мүшелдік тектелгі саналғы бұл жылдағылар сусағыш, тамақсау, өзара шығысымы үй ішіндік болса да қағыспалы, бірақ зілсіз, кексіз, харакеті бір тоға, көмпіс, оңайлықша сөз өтпейтін, қамшы жүргізіп, таяқ шектейтін, тілге азбайтын, иісалмас. Жау тиіскенде айғай-аттанын естісе, не қан көрсе болғаны намысы қозғыш, өлген-тірілгеніне, алды-артына қарамайтын, бірі қалмай атқа қонатын, сонымен қоса бірауызды, қаратұяғынан хал кеткенше айқасатын, қауқарлы-қауқарсыздығына қарамайтын әрі өздерін және жастарын аялауға құштарлығы басым, не жеңіп, не өліп тынатын адам», – деп жазады Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы.
Ол, сонымен қатар, сиыр жылы туғандар досқа адал, ақпейіл, достары мен туған жерінен әсте айырылғысы келмейтін адам болатынын жазып қалдырған.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ