Шырайлы мереке шаттығы

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ғимараты алдында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, «Балғын балалар – біздің болашағымыз» тақырыбында балалар үшін мерекелік кеш ұйымдастырылды.

Іс-шараның көркін аталған мекеменің кіреберісіне қойылған мерекелік баннер көріктендіре түсті. Сонымен қоса, сазды әуеннің сырлы әуезі балаларды мерекелік кешке шақырып тұрғандай әсер сыйлады.
Шырайлы шараны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрлан Қасымбеков құттықтау сөзімен ашып, балалардың қуанышымен бөлісті.
– Елімізде жас ұрпақтың дамуына және жаңа заманға сай білім алуына толық мүмкіндіктер бар. Мемлекет жастар саясаты мәселелеріне көп көңіл бөліп отыр. Балалар сіздер отаншылдық рух пен елдік ұстанымды бойларыңызға сіңіріп өсіңіздер, болашақтарыңыз сонда жарқын болады. Сіздерге зор денсаулық, бақытты балалық шақ, бейбіт өмір тілеймін,–деді Нұрлан Жолаушыұлы.
Бұдан кейін мерекеге жиналған жеткіншектер өз өнерлерін ортаға салды. Би де биледі, жеке шығып та ән салды. Ән салғаны былай тұрсын, күй тартқандары да болды. Қазақтың үкілі домбырасымен қыз балалар «Салкүрең» күйін өз мәнінде әдемі орындап берді. Өнерлі өрендер Мағжан Ермағанбет, Аружан Жездібек, Томирис Айдосқызы, Айсезім Ермағанбет түрлі тақырыпта өлеңдерді нақышына келтіре оқып, көпшілікті тәнті етті. Жас өнерпаздар Айсұлтан Мейрамбек, Інжу Серік, Айнара Русланқызы, Алиша Хайдарбек, Мейірім Бекзатқызы «Туған жер», «Бақыт», «Дастарқан», «Катюша», «Жеңіс туы желбіре» әндерін тамылжыта орындады. Шарықтатпаса да өз деңгейінде қалықтатты. Өрімдей бүлдіршіндер патриоттық әндерді жүрекке жеткізе орындап, зор қошеметке ие болды. Көркемсөз оқуда да жеткіншектер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Данара Айдар мен Кәусар Молдағали Абай өлеңдерін, қара сөздерін мәнерлеп жатқа айтып берді.
Балғындар мерекесінде қызықты көңіл көтеретін ойындар да ойнатылды. Сұрақтарға дұрыс жауап берген бүлдіршіндер сыйлықтарға кенелді. Балаларының өнеріне сүйсінген ата-аналар мәз болып, риза болысты. Сонымен қатар, асфальтқа сурет салудан да сайыс өткізілді.
Шара барысында кітапханашы Гүлзира Тұрсынқызы «Бақытты балалық – кітаппен бірге» атты кітап көрмесіне шолу жасады. Балаларды рухани кемелдікке, адамгершілікке, мәдениеттілікке тәрбиелеу мақсатында өткізілген бұл көрме – жинақы әрі тартымды өрбіді. Кітапхананың тұрақты және белсенді жас оқырмандарына Алғыс хаттар да тапсырылды.
Мереке иелеріне жеке кәсіпкер Қайрат Байболовтың ұйымдастыруымен балмұздақ таратылып берілді.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.