Шынайы перзенті еді Ұлытаудың немесе Бақыт Смайылов туралы бір үзік сыр

Ұлтымыздың ұлы бесігі – Ұлытауды кім жанына жақын тартпайды? Жанында жүрген біздер түгілі, алыстағы ағайын да Ұлытаудың барша қазаққа ортақ екендігін алға тартып, өзін «Ұлытаулықпын» деп айдарлап жатар болса, қалай теріс дейсің? Бәрі де жарасымды, бәрі де дұрыс.


Бәріміздің де «Ұлытаудың ұлы» атанғымыз келетіні және рас. Бірақ, кез келгеніміз өзімізді солай атағымыз келгенімен соған лайықпыз ба? Мәселе — осында.
Мен өзімнің бағамдауымша, «Ұлытаудың ұлы» атануға әбден қақылы бір азаматты білуші едім. Жақында ғана өз қолыммен оны мәңгілік сапарына аттандырып салдым. Ол – Бақыт Молдабергенұлы Смайылов болатын.
Екеуміздің арамыз бар болғаны бір жыл. Кішкентайымыздан құлын-тайдай асыр салып бірге ойнадық, бірге оқыдық, бірге жүрдік. Оның аймағымыздағы ауылшаруашылығын дамытуға, өркендетуге бір кісідей еңбегі сіңді. Мұны мен айтып отырғаным жоқ, бұл аймақ халқының тарапынан мойындалған ақиқат. Мен тек соны қайталаушы ғанамын.
Әр адамның тағдыры әрқалай өрілетіні – табиғаттың заңы. Мұны өзгерте алмайсың. Бақыттың денсаулығы кішкентайынан сыр берді. Әлжуаздау болып өсті. Дене тұрқынан, болмыс-бітіміне сырттай көз салғанда солай көрінгенімен оның қайсарлығы, жігерлігі, намысшылдығы екінің біріне бұйырмаған қасиеттер еді. Жоқшылық, жетіспеушілік деген де етектен тартып еңсе көтертпейтін. Бірақ, ол соның ешқайсына мойымады, кереметтей өршілдікпен қандай қиындық болса да қарсы тұра білді. Соның арқасында… мектептегі ең үздік оқушы атанды. Әсіресе, математиканы, бейнелеп айтқанда, жаңғақтай шағатын. Небір қиын есептерді еш қиналмастан шешіп тастайтынын көргенде, біз оған табиғатынан «математик» болып жаратылғандай қызыға қараушы едік.
Ол сол тұстағы Кеңес елінің қандай жоғары оқу орнына түсемін десе де қабылеті жетіп тұр еді. Бірақ, ол ертеңін ойлады. Елдегі әке -шешені ойлады. Сөйтті де, Алматы қаласындағы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына құжат тапсырды. Емтихандардан сүрінбей өтті де, студент атанды.
Студенттік күндерімізде де қатар жүрдік. Бірақ, мен сол шақтағы бастан өткен сан қызықты емес, Бақыттың дипломды қалай қорғағанын еске алғым келеді. Ол таңдаған диплом тақырыбы: «Қымыз және оның қасиеттері» деп аталды. Сол кезде осындай тақырып таңдап алғандығының өзі оның ерекшелігін танытады. Қазіргідей емес, оқудың бәрі орысша жүретін кез. Дипломды да сондықтан орыс тілінде қорғауға тиіс болды.
Бақыттың диплом қорғау кезінде нақ-нақ, нық-нық сөйлеген сөзі, саңқ-саңқ еткен дауысы құлағымның түбінде тұр. Диплом жұмысы тек институт бітірушінің ғана еңбегі емес, жоғарғы деңгейдегі докторлық диссертация сияқты екенін ғалымдар тамсана пікір айтып, өндіріске бірден енгізетін туынды екенін бірауыздан мақұлдағанын естігенде көңілімізді мақтаныш сезімі кернеп кеткен еді. Ол «Человек постоянно потребляющие кумыс, приобретает лошадинное свойство» — дегені залда үлкен қозғалыс тудырып, керемет резонанс жасады. Жұрт әрі күліп әрі риза болып біразға шейін қол шапалақтап жатты. Бірақ, ол сонымен тоқтап қалған жоқ. Жылқы туралы «выносливости, верности, любви, преданности к человеку» — деп түйіндеп тастағанда риза болмаған жан қалмады. Мен соны көзіммен көрдім. Пікір айтушылар тек қана «өте жоғары» деген баға беріп жатты. Ұстаздар тарапынан «Институтта қалып, ғылыммен айналысу» туралы ұсыныстар бірнеше рет қайталанды. Бірақ, Бақыт Алматыны емес ауылды қалады. Ол Ұлытауға, Кішітауға асықты. Туған жерге деген перзенттік ұлы сағыныш, махаббат оны Алматыда ұстап қала алмады. Меніңше, ол өзі өсіп-өнген өңірді өркендетуді перзенттік парызым деп білді. Оның институт қабырғасында қалып, ғылыммен айналыспай ауылға келуінің ең басты себебі сол деп білемін.
Ол өзі еңбек еткен ауылдардың қайсысында болса да бар қарым-қабылетін жұмсап, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруға ұмтылды. Ешқашан ештеңеден іркіліп қалмады. Түн, күн деген ұғымды ұмытып кеткен кездері аз болған жоқ. Мектепте жүргенде оқу-білім алу жолында талабымен тас жарған, құштарлықпен тау қопарған, иненің ұшындай түрткілеп, жоқшылықтың зардабына шыдай білген табандылықтың арқасында қалай ең үздік оқушы атанса, енді, өзінің міндетін мінсіз атқарып, басқарған шаруашылығын озаттар қатарына қосуды ойлады. Бақыт Смайылов басқарған тұста «Қаракеңгір», «Сарысу» кеңшарлары шаруалары шалқыған, табысы тасыған шаруашылықтарға айналды. Дала төсі мыңғырған малға толып еді -ау сол жылдары…
Ол шаруаның қажетіне қарай уақыт таңдамайтын. Менің жоғарыда «Түн, күн деген ұғымды ұмытып кеткен кездері аз болған жоқ» деп жазып отырғаным бекер емес. Және ол кездегі жағдай қандай еді десеңізші! Совхоз директорларының тақымына жеңіл көліктер тие бастағаны кейініректе ғой. Бақыт көбінесе шаруашылықты ат үстінде жүріп басқарды. Сөйтіп жүргенде талай-талай қиындықты басынан өткерді.
Бірде өзеннің қатты ағысы атымен бірге ықтырып әкетіп, ел болып іздеп жүріп, әрең дегенде тауып алғанымыз есіміз де. Көрер жарығы бар екен қайта… Ал, тасқын сумен бірге таптырмай қойса қайтер едік.
Енді бірде елді аралап жүріп, қыстың қарлы боранына тап келіп қалып, ат ілгері жүрмей қойғасын, амал жоқ айдалаға түнеуге тура келгенін қайтерсіз? Айдала … Қыстың көзі қырауда жалғыз қалу… Егер тығырықтан шығар жол таппаса Бақыт Бақыт болар ма еді? Ол қанша жерден қиналса да, атына да, өзіне де қардан үйшік жасап, боран басылғанша соның ішінде отырып жан сақтаған ғой. Ғажап па? Ғажап.
Жылан шағып алса да, уын бойына дарытпай, аман қалғаны тағы бар.
Мен бірде дастарханында отырғанда оған арнап айтқан тілегіме «Өмір сені ешқашан еркелеткен емес. Мен мұны жақсы білемін. Бұл өмір сені жұмыс барысында жыланға да шаққызды, көктем кезінде тасқын суға да батқызды, қыстың күні қар астында жалғыз да жатқызды. Қуаңшылықта алыс алқаптардан шөпті де шапқызды, иттерге де қапқызды. Ащының дәмін аяусыз татқызды ғой» дегенім есімде. Шынында да, оның өмірі қиыншылықтарға толы болды. Бірақ, Бақыт атына сай бақыт иесі, бақытты шаңырақтың отағасы болды. Өйткені…
Ол зайыбы Рысжан екеуі бес ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Және балалары қандай! Алтын асықтай, күміс қасықтай олар қазір бір-бір үйдің иесі, әр салада еңбек етіп жүр. Олардың бойларынан Бақытқа тән өмірге деген өжеттілікті көріп қуанамын. Ол ұл-қыздарына әке ғана емес ұлағатты ұстаз, тәлімді тәрбиеші бола білді. Қазақта «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деген сөз бар. Бақыттың балаларының мықтылығы оның ұстаздыққа ұласқан әкелік тәрбиесінен, ұлағатынан деп бағаласам, ал, өзінің мықтылығы алғашқы ұстазы Аманжол Төлекбаевтан дарыған десем, артық болмас. Ал, ол кім еді? Ол атақты «Ғалия» медресесін тауысқан санаулы қазақтың бірі болатын. Педагогтік еңбегі үшін Ленин орденімен марапатталған мұғалімдер де саусақпен санарлықтай болғаны анық. Соның бірі – Аманжол ағамыз еді. Сондай ұстаздың алдын көрген Бақыт осал бола ма? Мұның үстіне, табиғат оны басқалардан айрықша талантты етіп те жаратқан ғой.
Ол керемет суретші еді. Егер «Зооветке» түсіп кетпегенде, мықты суретші шығар ма еді одан?! Ал, музыкаға деген іңкәрлігі қандай еді?
Дүние жүзіндегі атағы шыққан классиктердің қай-қайсысының болсын шығармаларын скрипкада керемет ойнайтын. Моцарт, Чайковский, Бетховен және т.т. өміртарихтарын да, шығармаларының қалай жазылғанын да тамаша әңгіме етіп айтып отыратын.
Ауылға алғашқы каникулға келгенде Алматыдан үйіне не көтеріп келгенін білесіздер ме? Әрине, біле қоймайсыздар. Ол алатын стипендиясынан үнемдеп жүріп, композитор Бетховеннің мүсінін сатып алған ғой. Сондағы ойы – ұлы композитордың шағын мүсінін үйдегі үстелдің үстіне апарып қою. Мүсін қара түсті екен. Інісінің мұнысын көрген молдалығы бар Құдайберген ағасы «Қайдағы шайтанға қайдан үйір болып жүрсің» деп, кәдімгідей ренжіген көрінеді. «Біздің ағай да қызық, Бетховенді шайтан дейді» деп сол оқиғаны өзі маған қызғылықты етіп айтып беріп еді.
Сондай-ақ, ол шахматты да керемет ойнайтын. Тек ойнап қана қоймайтын Чигорин, Алехин, Капабланка тәрізді мықтылардың шахмат партияларын талдап, бізге түсіндіріп отыратын. «Кіп-кішкентай басыңа осыншама ақыл, шапшағын тұрпатыңа соншалықты биік парасат қалай сыйып кеткен?» дейтінбіз. Әзілдесек те, мұнымыз шынымыз еді. Оның қарым-қабылеті, ой-өрісі кісіні таңдандырмай қоймайтын.
Білікті маман, ардақты дос, ұрпақтарының сүйікті атасы болған Бақыттың аты Жезқазған-Ұлытау тарихына алтын әріптермен жазылатын асыл жан екенін мақтанышпен айта аламын. Ол Ұлытауын шексіз сүйді. Басқаша болу мүмкін де емес еді. Өйткені, ол Ұлытаудың шынайы перзенті болатын. Ол туралы өткен шақпен сөйлеуге дәтім бармайды. Бірақ, амал не? Әттең, қайтейін, жақында өмірден озғанын айта алмай, қиналып, тілім жетпей отырмын.
Тақтайшаға 28.08.1938- 24.01.2021- ж.ж. деп жазу азабына төзу керек болып тұр маған.

Яхия АСАТОВ, досы,
Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы,
ҚР еңбек сіңірген энергетигі.