Шетелдің күмәнді діни оқу орындары ШӘКІРТТЕРІМІЗДІ АРБАМАСЫН
1991 жылы өз Тəуелсіздігімізді алғаннан бастап Қазақстан Республикасы басқа мемлекеттермен мəдени, саяси, экономикалық, т.б. салаларда өзара ынтымақтастық орната бастады. Сол уақыттарда қол жеткізілген ынтымақтастықтар негізінде Қазақстан азаматтары шетелдік діни оқу орындарына барып, білім алуда.
Шетелдік діни оқу орындарын екі бөліп қарастырған жөн. Біріншілері – Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы ресми түрде меморандумға отырған шетелдегі танымал жоғары оқу орындары. Екіншілері – Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы меморандумға отырмаған шетелдік діни оқу орындар.
Əрине, ҚМДБ меморандумға отырған шетелдік діни оқу орындарына білім алу үшін оқуға түссе болады. Себебі, олар дəстүрлі дінімізді үйрететін жоғары оқу орындары. Ал, Пəкістан, Сауд Арабиясы Корольдігі, Иран, Катар, Кувейт, Йемен, БАƏ, т.б. сияқты мұсылман мемлекеттеріндегі күмəнді діни оқу орындарынан білім алып келген студенттер халық арасында деструктивті діни идеологияның таралуына себепші болуда.
Деструктивті діни ағымдар дегеніміз – дəстүрлі діндерден бөлінген, оларды дін ретінде мойындамайтын, жеке көзқарастарымен діни догматикаларын қалыптастырған, мемлекеттің ішкі тұрақтылығы жəне қоғамдық құрылыстарға кері əсерін тигізуші, тар шеңберлі көзқарастағы адамдардан құралған топ. Деструктивті діни ағымдардың басшылары көбіне заңға қайшы келетін қылмыстық əрекеттерге барып, қарапайым топ мүшелерінің саналарын түрлі манипуляциялық амалдармен жаншып, тоталитарлық жолмен бағындыруға тырысады. Міне, осындай шетелдік күмəнді діни оқу орындарында білім алған жастар отанына оралып, деструктивті діни ағымдардың идеологиясын таратудың нəтижесінде Қазақстанның əр аймағында террорлық əрекеттер орын алды.
Қоғамда қалыптасқан құндылықтарға қарсы əрекет жасауға итермелеген кімдер деген сұраққа, əрине, күмəнді шетелдік діни оқу орындарында сабақ берген ұстаз, шейхтары деп айтар едім. Олар біздің жастарды уысына қалай түсірді деген сауал баршаны мазалайтыны жасырын емес.
Діни білім алу үшін жастарымыздың елеулі бөлігі мұсылман елдеріне жеке қорлар арқылы кеткен болатын. 2011- 2012 жылдары дін саласындағы уəкілетті орган жариялаған мəліметтерге сəйкес мұсылман елдерінде діни білім алып жүрген жастардың жалпы саны 392 адам болса, соңғы үш жыл көлемінде олардың саны 300-ге жуық деген мəлімет айтылуда.
Орта Азия аумағында іс-əрекет жүргізген шетелдік қайырымдылық қорлар мен қоғамдық ұйымдар Қазақстанда да араб тілін оқытатын жаздық лагерлер, медреселер, колледж жəне университеттер ашуға демеушілік жасады. Олардың ішінде төмендегі қорлар ерекше белсенділік танытты. Аталған қорлар ауқымды қаржыларын пайдаланып, қазақстандық білім беру жүйесіне енуге ерекше талпыныс жасай отырып, еліміздегі жекелеген колледждер мен жоғарғы оқу орындарына материалдық жəне гуманитарлық демеушілік жасау арқылы олардың ішкі тəртібіне ықпал ету мүмкіндігіне ие болды.
Олар оқытушылар мен талапкерлер арасында діни тақырыптарда уағыз-насихат жүргізіп, өздерінің деструктивті идеологиялық құралдарын – əдебиеттер мен баспа өнімдерін тарата бастады. Мысал ретінде «Əлеуметтік реформалар қоғамы» («Жамият əл-Ислах əл-Ислами» – 2005 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соттың шешіміне қызметіне тыйым салынған ұйым) кувейттік қайырымдылық қорының елдегі мемлекеттік емес жоғары оқу орындарында псевдосəлəфилік идеологияны насихаттағандығын атап өтуге болады.
2000 жылдардың ортасына дейін жұмыс жүргізген аталмыш ұйымдар, сонымен қатар, дінге қызығушылығы мол азаматтарды шетелдік жоғары діни оқу орындарына бағыттау жұмыстарын жүзеге асырды. Ал шетелдік діни оқу орындарында сырттан келген студенттерге демеушілік көрсетілумен қатар, діни білім көбіне ақысыз негізде ұсынылған. Осындай əрекеттер арқылы азаматтардың мұсылман елдеріндегі оқу орындарына шығуының қарқын алуы жəне деструктивті діни идеологиямен ауыздануы басталды.
Жоғарыда аталған қауіптің алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан 2011 жылдардан бастап, тұрақты түрде жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нəтижесінде Қазақстан азаматтарының шетелге діни білім алу мақсатымен бақылаусыз аттануы жиі тіркеліп жүр.
Қазақ елінің рухани қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікпен тікелей сабақтас. Осы себепті діни білім алуды таңдаған ұл-қыздары бар ата-аналар перзенттерінің жарқын болашағы үшін оларды өз отанында оқытуға барынша мəн беруі тиіс. Отандық діни оқу орындары халықтың діни танымынан, ұлттық ерекшеліктерінен терең хабары бар азаматтарды тəрбиелеп шығарады. Қазақы рухани қайнар көздерден сусындаған жəне олардың қадірін білген шəкірт діни саладағы істердің жандануына мол үлесін қосатыны сөзсіз.
Ерзат ЖАҚЫПОВ,
Жамбыл облысы əкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» бөлім басшысы.