Шегірткелер шабуылына дайынбыз ба?
Қазақстанның солтүстігінде таралғандары кресті кішкене саяқ шегіртке; ақжолақты, кресті, далалық атбас саяқ шегірткелер және басқалар. Үйірлі шегірткенің түрлері – Азиялық шегірткенің тұрақты қоныстары Қазақстанның оңтүстік жартысындағы қамысты жерлер, осы жерлерден олар басқа алыс өңірлерге тарала алады. Мароккалық шегіртке Қазақстанның оңтүстігінде таралған (Жамбыл, Түркістан облыстары, көбінесе Сарыағаш, Шардара, Отырар, Ордабасы аудандарында).
Итальяндык прус Қазақстан Республикасының барлық аймақтарында кең таралған.
Азиялық, мароккалық, итальяндық прус шегірткелер, анда-санда тұрандық және шөл далалық шегірткелер кезеңдік өзгерістерге ұшырайды. Олардың үйірленуі кезінде бір шаршы метрде жүз және одан да көп дернәсілдері болады. Үйірлі шегірткелердің сандары көбейген кезде алғашқыда дернәсілдердің жиынтығы (кулиги), кейін олардан шегіртке табындары пайда болады.
Барлық шегірткелердің ұзынша денесі, секіруге қолайлы артқы аяқтары, кеміргіш ауыздары қатты дамыған. Алдыңғы кеудесі, жіңішке үстіңгі қанаты, жалпақ желдеткішке ұқсас жиналатын қанаттары болады. Жылына бір ұрпақ береді. Ұрғашы шегірткенің арнаулы бөліп шығаратын сұйық затымен қатайған топырақтан жасалған күбіршеде тың жерлерде, жайылымдарда, құмдардың шетінде және т.б.жерлерде жұмыртқа күйінде қыстайды. Шегірткелер жұмыртқалардан әр мезгілде шығады. Дернәсіл ересек шегірткеге ұқсас боп туады. Дернәсіл 30-40 күн дамиды. Даму кезеңінде дернәсіл 4-5 рет түлеп, 4-5 жас өтеді. Дернәсілдер және ересек шегірткелер әр түрлі өсімдіктерді зақымдайды: дәнді дақылдарды, майлық дақылдарды, көкөністерді, жайылымдар мен шабындықтарды. Олар құрғақшылық кезінде, табиғи өсімдіктер күйіп кеткенде өте қауіпті. Тым көп көбейген жағдайда егістіктер мен жайылымдарға қатты зиян келтіреді, олардың жер бетіндегі биомасса бөліктерін құртып жібереді. Шегірткелердің көп жылдық динамикасында циклдік байқалады – қатты көбеюлері мен депрессиялық жайлар кезектесіп отырады.
Күресу шаралары: Шегірткелерге қарсы күресу шараларын олардың сандарына бақылау жасаудың нәтижесіне қарап пайдаланады. Алдын алу шараларының маңыздысы ерте көктемде шегірткелер табылған егістік танаптарды бізтұмсықты (игольчатые) немесе дискілі тырмалармен (борона), ал көпжылдық шөптерді тісті (зубовые) немесе бізтұмсықты тырмалармен өңдеу. Сонымен бірге танап аралықтарын, танаппен шектесетін жерлерді де өңдеу қажет.
Егін алқаптарында жою шаралары инсектицидтермен «Тізім….бойынша (Список пестицидов (ядохимикатов) разрешённых к применению на территории Республики Казахстан) саяқ шегірткелерге қарсы 8-10 дернәсіл /шаршы метрде, үйірлі шегірткелерге қарсы 3-5 дернәсіл /шаршы метрде болғанда жүргізіледі. Егер бір орында мекендеген шегірткелердің түрі көп болса, жұмыртқалардан әр мезгілде шықса және жастары әр түрлі болған жағдайда ұзақ уақыт әсер ететін инсектицидтерді пайдаланған дұрыс. Химиялық өңдеу жұмыстары дернәсілдер қанаттанғанға дейін жүргізілсе, тиімділігі жоғары болады. Әрбір нақты жағдайға байланысты жаппай, бөгеу және локальды өндеу жұмыстары жүргізіледі.
ҚР АШМ АӨК МИК «Ұлытау аудандық аумақтық инспекция» мемлекеттік мекемесі.