Шеңберде футбол алаңы салынуда

Ұлытау ауданында бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Ауылдық елді мекендерді спорт нысандарымен қамту – жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын қалыптастыруға жасалып жатқан нақты қадамдардың бірі.

Осы бағытта Шеңбер ауылдық округінде жаңа футбол алаңының құрылысы басталды. Жобаны жүзеге асыруға демеушілік көрсетіп отырған мердігер мекеме – “Омар-Транс” ЖШС.
Жаңа спорт нысаны ауыл жастары үшін үлкен серпіліс болмақ. Алаңда жасанды төсеніш төселіп, қажетті спорттық жабдықтар орнатылады. Сондай-ақ, алаң маңын абаттандыру жұмыстары да қарастырылған.
Футбол алаңының құрылысы белгіленген мерзімде аяқталып, ауыл тұрғындарының игілігіне берілмек. Бұл бастама ауылдағы спорт инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, жасөспірімдер мен жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз.

Ізбасар ОЙБАС.