Шеңбер – шырайлы ауыл
Ауыл – мемлекеттің берік іргетасы, елдің құты мен берекесі. Шеңбер ауылдық округіне атбасын бұрған кез-келген адамның осындай ойға табан тірері хақ. Біз соның ақиқаттығына ауыл әкімінің тұрғындарға есеп беру кездесуінде тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық. Маңызды басқосуға аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ бастаған аудан активінің өкілдері қатысты.
Жиынды жүргізу тізгінін ұстаған аудан басшысының кіріспе сөзінен кейін ауылдық округ әкімі Сағат Сұлтановтың есепті баяндамасына кезек берілді. Төтесінен тартып айтсақ, Шеңбер жыл санап шырайлы күйге еніп келеді. Мұның бәрі тұрғындардың берекелі ынтымағының нәтижесі екендігі күмәнсіз. Салыстырмалы түрде мал басы өсіп, тұрғындардың әл-ауқаты арта түскен. Бюджет есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік нысандар әлеуетті негізде қызмет атқарып тұр. Ауданмен байланыстыратын көлік жолының сапасы көңілге аса қонымды. Ауызсудың берілуінде кінәрат жоқ. Көше бойларындағы жарық беру бағандары қайыра орнатылып, шамдары жаңғыртылған. Ең бастысы, қай істе болсын, ауыл азаматтарының жергілікті атқарушы билікпен бірге «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығара» әрекет етуі бұлжымас қағидаға айналған. Соның негізіндегі ілкімді істер жетіп артылады. Сонымен қатар, жастардың өз кәсіптерін ашуға құлшынысы артып келеді және оның нақты нәтижелері көңілге қуаныш ұялатады.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан ауыл әкімінің қызметіне қатысты бір де бір сауал туындамады. Жұртшылық оның жұмысының тиімділігін атап өтіп, оң баға берді.
Жиында Советбек Тұрсынұлы аудан аумағында атқарылған және жүргізілуі жоспарланған шаралар жөнінде кең тұрғыда әңгіме қозғап, олардан күтілетін нәтижелерді алға тартты.
Аудандық мемлекеттік бөлімдердің басшылары мен аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары өздерінің қызмет салаларына қатысты хабарламалар жасап, түсініктемелер берді.
Өз тілшімізден.