Шаттыққа толы шеру
Ұлт ұясы – Ұлытауда «Балалар жылымен» тұспа-тұс келген Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Бақытты бала – бақытты ел» тақырыбында мерекелік шеру өтті. Оған аудандық білім бөлімі бастамашы болып, маңызды шараның ілкімді түрде іске асуына дəнекерлік етті.
Ұтымды ұйымдастырылған мазмұнды шараға аудан аумағындағы мектептерден, «Өркен» балалар бақшасынан ұзын-ырғағы 500-ге тарта бала қатысты. Аталған шеру аудандық Мəдениет үйінің алдынан сап түзеп, аудан орталығының басты даңғылы – Абай көшесі бойымен жүріп өтті. Шерудің алдын Қазақстанның туын, ЮНЕСКО-ның туын жəне Балалар жылының туын көтерген оқушылар бастады. Олардың соңынан аудандық балалар Өнер мектебінің барабаншылар тобы ілесті. Екінші топта «Өркен» балалар бақшасының бүлдіршіндері болды. Үшінші топты домбырашылар ансамблі мен хореография бөлімінің бишілері, вокал, қобыз, жетігеншілер тобы жалғастырды. Одан кейінгі сапты түрлі байқауларда, олимпиадаларда жеңімпаз атанған жүлдегерлер мен спорттық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінген əр мектептердің озат оқушылары жалғастырды. Шерудің соңын жас сарбазшылар мен мерекелік реңде безендірілген велосипедшілер түйіндеп, орталық алаңға шоғырланды. Шеруден кейін мерекелік салтанат «Жазғы эстрада» сахнасында жалғасты. Кеш шымылдығы аудан əкімі Советбек Медебаевтың құттықтау сөзімен ашылды.
– Биыл Мемлекет басшысы өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық қажеттілігін айтып, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай, ауданымызда балаларды қорғауға, сапалы біліммен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Ал, Халықаралық балаларды қорғау күні бұл жас буынға қамқорлығымызды танытатын таңғажайып мейрам. Бұл мереке əрқайсымыз үшін қымбат. Өйткені, балалар – біздің басты байлығымыз. Əруақытта балалардың толыққанды дамуына, олардың балалық шағының қауіпсіз өтуіне жауаппен қарауымыз керек. Сондықтан, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – жас толқынның жан-жақты өсіп-жетілуіне жағдай жасау, оларды құқықтық жəне əлеуметтік тұрғыдан қорғау – біздің міндетіміз.
Бүгінгі таңда ауданда осы мақсаттағы тиісті заңнамалар мен бағдарламалар сəтті жүзеге асуда. Көпбалалы отбасыларға көмек көрсету, балалардың демалысын сапалы деңгейде өткізу шаралары жыл сайын жалғасып отыр. Ал, бүгінгі мереке, балалардың мейрамы. Мен де сіздерге көтеріңкі көңіл-күй тілеймін. Жазғы демалыстарыңды көңілді, қызыққа толы өткізулеріңізге тілектеспін, – деді аудан басшысы.
Сөз соңында Советбек Медебаев республикалық олимпиаданың жүлдегері Қарсақбай орта мектебінің 11 сынып оқушысы Гүлназ Жолдыбайды «Жыл оқушысы-2022» аталымы бойынша І дəрежелі Дипломмен марапаттап, 100 мың теңгенің сертификатын табыстады. Бұдан кейін құттықтау легін аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Əбдірайымов жалғастырды. Ол өз кезегінде олимпиадаларда, байқауларда жүлделі орынға ие болған əр мектептердің 5-10 сынып оқушыларын марапаттады. Марапатталғандардың қатарында Əйгерім Кенжебаева (№1 Ұлытау орта мектебі), Мəдина Науан (№15 Қарсақбай орта мектебі), Еркеназ Амантай (Жезді мектеп-интернаты), Айым Маманова (№1 Ұлытау орта мектебі), Еңлік Қордабай (№17 Байқоңыр орта мектебі), Нұрбол Қабден (№6 Жезді орта мектебі), Дамир Қожаберген (№15 Қарсақбай орта мектебі), Гүлім Мəлік, Айару Рамазан (Жезді мектеп-интернаты), Айжан Қыдырəлі, Айым Əшім (№15 Қарсақбай орта мектебі), Нұрым Қаламшəріп (№10 Борсеңгір орта мектебі), Жанкелді Жаңбырбайұлы (№2 Қорғасын орта мектебі), Ксения Плишке (Жезді мектеп-интернаты), Есімхан Үсенов, Аяжан Совет (№18 Мибұлақ орта мектебі), Ажар Сейітмағзұм (№10 Борсеңгір орта мектебі), Нұрдəулет Жұмабек, Ержан Кеңес (№6 Жезді орта мектебі), Нұрайым Ибрагим (№1 Ұлытау орта мектебі), Ақбота Бакирател (№6 Жезді орта мектебі), Шұға Бекболат (№10 Борсеңгір орта мектебі), Арай Мыңбаева (№1 Ұлытау орта мектебі), Əліби Нұрлан (№17 Байқоңыр орта мектебі), Елара Обайдуллина, Назерке Əбжамал (№1 Ұлытау орта мектебі), Əли Қыстаубай (№10 Борсеңгір орта мектебі), Асылхан Ерболат (№15 Қарсақбай орта мектебі), Назель Серік (№1 Ұлытау орта мектебі), Ерасыл Құрал (№11 Қоскөл орта мектебі), Балым Əбдіғазы (№17 Байқоңыр орта мектебі), Аяжан Акмал (№11 Қоскөл орта мектебі) жəне облыстық кезеңде математикадан үшінші орын алған Жезді мектебінің бастауыш сынып оқушылары да бар.
Марапаттау рəсімінен кейін шараның мазмұнын «Өркен» балалар бақшасының бармақтай бүлдіршіндері мың бұралған билерімен, əуелеткен əсем əндерімен байыта түсті. Балалар Өнер мектебінің домбырашылары да Дəулеткерейдің «Көроғлы» күйін тартып, көрерменді тамаша əсерге бөледі. «Шаттық» бишілер тобының ырғақты билері де көңілімізді шалқыған шаттықтың кеңістігінде толқытты. Жетіген, қобызшылар квартетінің орындауындағы халық əндері де көрерменнің көңілінен, тыңдарманның талғамынан шығып, мереке ажарын аша түсті. Киелі сахнадан əсем əн де, күмбірлеген күй де төгілді. Республикалық байқаулардың жүлдегерлері Малика Қабден, Елдара Обайдуллина, Аяулым Серікбай шырқаған əндер тыңдарман жанарын өнердің жауһарына суарып, көрермен қауымға тамаша көңіл-күй сыйлады. Талғампаз жұртшылықтың қошеметі қол шапалақтау арқылы аңғарылып тұрды. Жалпы айтқанда, жеткіншектердің арасында өнерімен өрге жүзген өнерпаздар көп болды. Əсіресе, мың бұралған би иіріміне икемді балалар көңілімізді сүйсінтті. Шырайлы шара «Қазақ елі осындай» əнімен түйінделіп, өнерлі балалардың бір тобы бұл əнді əсерлі орындап шықты. Бұдан кейін мерекелік шараға спорттық ойындар көрік қоса түсті. Орталық алаңның екінші бір бөлігінде тақырыпқа сай көрме де ұйымдастырылды. Көрмеге балалардың қылқаламнан туындаған сан алуан суреттер мен қолөнер бұйымдары қойылды. Көрмені аудан əкімімен бірге өнерсүйер қауым бірге тамашалады. Сөйтіп, балалар мейрамы береке мен бірліктің, достық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелткен шырайлы мереке болды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ