Шағын наубайхана ашылды
Тұрғындарға, оның ішінде өз кәсібін тыңнан бастауға ынталы жастар өкілдеріне қолдау көрсету жөніндегі мемлекеттік ұстаным талабы Ұлытау ауданында жүйелі жолға қойылған. Биылғы жылы аудан әкімінің қайтарымсыз грантын иеленген біршама кәсіпкер жаңа нысандарды іске қосып, жұртшылыққа сапалы қызмет көрсетуге қалыптасып үлгерді.
Солардың бірі – Алғабас ауылындағы талапты жас Бахтияр Қуандықов. Аудан әкімінің жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған сомасы 750 мың теңгені құрайтын грантын жеңіп алған ол жуырда туған ауылында «Жанарыс» шағын наубайханасын ашып, жерлестерінің сұранысын өтеуге кірісті.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына селолық округ әкімі Азамат Кәренов пен жергілікті қоғамдастық төрағасы Байғали Әшірбеков қатысып, тыңнан басталған істің ілгері басуына тілек қосты. Лентасын қию рәсімін өткерді.
Ауыл тұрғындары күнделікті нан пісіру қарбаласынан қолдарын босатқан азаматқа дән риза, ал, кәсіпкердің өзі нан өнімдерінің түрлерін көбейтуге мүдделі.
Өз тілшімізден.