Шөп жеткілікті
Ауылдағы шаруа баққан ағайындар үшін қысқа қамдықтың бастысы – малға қажетті жем-шөптің жеткілікті болуы. Бұл бағытта да ауылда ауқымды жұмыстар атқарылған. Қазір қорасында мая-мая болып шөп жиналмаған үй кем де кем.
– Ауылдық округ бойынша биыл 4 мыңнан астам ірі қара, 6 мыңнан астам ұсақ мал, 2 мыңнан астам жылқы қысқа түскелі отыр. Мұның ішінде, ауыл орталығындағы тұрғындардың қолындағы малдары 1000-1500 бастай болады. Ірілі, ұсағын қоса есептегенде. Осы мал үшін мол азық керек. Округ бойынша биылғы меже 18700 тонна болатын. Ол толық дайындалды. Шабылып, қыстақтар басына түсірілді. Шаруа қожалығының иелері өздерінен артылғанын ауылдағы, қаладағы ағайындарға апарып сатуда. Әрине, ауылдастар бірінші кезекте тұр. Бұл орайда, өздерінде шабындық жері, шабатын техникалары жоқ адамдарға ауыл азаматтары жәрдем беруде. Жоғарыда аттары аталған Айдос Әбікенов, Серік Көкенов, Балғабек Қаражорғин, Алмас Құланбаев, Амантай Сатыбалдин, Төлеубай Байегізов сынды азаматтар өздерінен артылғанды ауылдастарына қолжетімді бағамен жеткізіп беруде, – дейді Ноян Мұңайтпасұлы.
Жалпы, қаладағыларға қарағанда ауылда шөп алуға мүмкіндік те мол, баға да тиімді сияқты. Мәселен, аманкелділік тұрғындар трактордың бір тіркеме шөбін 35 мың теңгеден алуда. Әр үй қолындағы малының басына қарай төрт тіркемеден он-он бес тіркемеге дейін шөп түсіріп алған.