Үш өнерпаз – «Шашу» жеңімпазы

Күні кеше Жезқазған қаласында өткен республикалық «Шашу» өнер фестивалінде жерлестеріміз Еламан Зәйни, Аяла Сартай, Аяулым Серікбай Бас жүлдені қанжығалап қайтты.

Өнер додасына қалалар мен аудандардан әр өлкенің абыройын асқақтатып жүрген өнерлі жастар қатысты. Өнерпаздар жас ерекшелігіне байланысты үш топқа бөлінді. Байқауда әр аталым аясында таланттылардың өнерін бағалау қазыларға да оңай болған жоқ. Дегенмен, «Шын жүйрік топта танылар» демекші, өнер бәсекесінде ұлытаулық өрендердің бәсі биік болды. «Вокал» аталымы бойынша (орта топта) Аяулым Серікбай, (жоғары топта) Еламан Зәйни, «Көркемсөз және театр» аталымында Аяла Сартай жүзден жүйрік шығып, Гран-Приді иеленді.

Жеңіс тұғырынан көрінген өнерпаздар Грузия, Италия елдерінде өтетін Халықаралық байқауға, Нұр-Сұлтан қаласында өткізілетін фестивальге жолдама алды.