Серпінімен ерекшеленген сенбілік

Ұлытау ауданының орталығында «Бірге – Таза Қазақстан!» экологиялық акциясы аясында санитарлық тазалық сенбілігі өтті. Серпінімен ерекшеленген сенбілікке қатысқан аудандық мекемелер мен кəсіпорындар ұжымдары бөлініс кестесіне сәйкес, өздеріне бекітілген аумақтарда тындырымды жұмыс жасады.

Дүниежүзілік табиғи ортаны қорғау күніне дөп түсіп, ұжымдық еңбектің тағылымды үлгісі танылған ізгі ниетті іс-қимылдар барысында Ембұлақ, Тасбұлақ, Күмісбұлақ аумағы, Асанқайғы ескерткішінің төңірегі, ауылды «жарып» өтетін өзен жағалауы, көлік жолдарының бойы қоқыстан толық тазартылды. Сондай-ақ, Ұлытау-Қаракеңгір бағытындағы жол бойында орналасқан қоқыс полигонының маңайы да ретке келтірілді. Ортақ мүдделі іске арнаулы техникалар жұмылдырылып, қатты қалдықтар сыртқа шығарылды.

Сенбілік жұмыстары карантиндік шектеу талаптары мүлтіксіз сақталына отырып атқарылды.

Елді мекендердің, жалпы аудан аумағының сырт келбетінің тартымды болуы, соның ішінде, санитарлық тазалыққа ден қою мәселесі – аудан әкімінің тікелей бақылауында. Демек, бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасын таба береді.

Өз тілшімізден.