Сенімділік – серпіліс кепілі
Мемлекеттік қызмет сапасы – оны атқарушы мамандардың іскерлігіне тікелей байланысты. Демек, ертеңгі ел болашағының келбеті – мемлекеттік қызметкерлердің мойнында. Бұл қызметті абыроймен атқару – оңай тірлік емес. Соған орай, 2013 жылдан бері 23 маусым – Мемлекеттік қызметкер күні ретінде аталып келеді. Бұл – мемлекеттік қызметкерлердің беделін көтеруге ғана емес, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған бастамадан тұратын мереке. Сондықтан, атаулы мерекеге орай, ауданның мемлекеттік органдарында еңбек ететін, кәсібилігімен қатар жоғары адамгершілік қасиеттерге ие мемлекеттік қызметкерлерін сөйлетуді жөн көрдік.
Ғабиден ДҮКЕНБАЕВ, аудан әкімі аппаратының құжатнамалық қамтамасыз ету, ақпараттық технологияларды дамыту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау, қаржы және шаруашылық бөлімінің басшысы:
– Мемлекеттік қызметкер жергілікті жердің саяси ахуалын ескере отырып, қызмет атқаруы тиіс. Өз басым атқаратын қызметімді ерекше мәртебе деп санаймын. Атауының өзі айтып тұрғандай мемлекетке қызмет ету – менің басты парызым. Халыққа, заңды және жеке тұлғалардың арыз-шағымдарын қарау, оларға уақытылы жауап беру, сол бағыттағы жұмысты ұйымдастыру – қызметтік міндетімнің негізгі талабы.
Жоғары оқу орынын бітірген соң туған жеріме келіп, еңбегімді сіңіруді құп көрген едім. Мамандығым бойынша мемлекеттік және жергілікті басқару біліктілігім бар. Еңбек жолымды жұмыспен қамту орталығы арқылы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында бастадым. Одан кейін аудандық қаржы бөліміне келісім-шарт негізінде жұмысқа орналастым. Ол жерде үш жыл еңбек өтілім бар. Содан соң мемлекеттік қызметке орналасушыларға арналған тест тапсырып, бас маман атандым. Осылайша, сатылап өсіп келемін.
Тұңғыш Президент – Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасы талабына сәйкес, кәсіби қызметімізге сын айтылмауы тиіс. Сондықтан, халықтың тілегіне құлақ асып, тығыз жұмыс істеуге тырысамын.
Алтынай ЕЛЕУОВА, аудан әкімі аппаратының құжатнамалық қамтамасыз ету, ақпараттық технологияларды дамыту, қаржы және шаруашылық бөлімінің бас маманы:
– Биыл мемлекеттік қызметке орналасқаныма 39 жыл болды. Қызметтік міндетімнің аясына басқа ұйымдармен, жеке азаматтармен хат алмасу, құжаттарды рәсімдеу, жіктеу, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарастыру секілді толассыз құжат әзірлеу жұмыстарымен айналысу кіреді. Сондай-ақ, 15 кент пен ауылдық округтің жұмысын қадағалап, байланыс жасап отырамын.
Мамандығымды жан-тәніммен сүйемін. Оған үлкен жауапкершілікпен қараймын. Зейнетке абыроймен шыққым келеді. 1982 жылы іс қағаздарын жүргізуші болып еңбек жолымды бастаған едім, содан бері осы саланың қыры мен сырын жетік меңгеріп алдым. Әр құжатқа тиянақты қараймын. Дегенмен, қызметімнің қиын тұстары да жоқ емес. Жұмыс реттілігін жас мамандарға үтір, нүктесіне дейін түсіндіремін, таңертең сағат 9. 00-де келгеннен, кешкі сағат 18.30-ға дейін орнымнан қозғалмаймын десем де болады. Бірақ, бұл – ауыртпашылық емес. Еңбегімнің еленгені сол – «Үздік мемлекеттік қызметкер» номинациясымен марапатталдым, облыс әкімінің Құрмет грамотасын иелендім. Ал биыл Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының арнайы медалін еншіледім. Әрине, мақтау-марапатқа мұқтаж емеспін. Алайда, 39 жылдық еңбектің тәтті жемісін тату сезімі ерекше мерейлендіреді.
Ержан БИМАҒАМБЕТ, аудандық қаржы бөлімінің бюджеттің жоспарлануы және атқарылуы жөніндегі сектор меңгерушісі:
– Мектеп жасынан сандармен жұмыс істеуге бір табан жақын едім. Алматы Нархоз университетін «Есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін туған жеріме келдім. Алғашқы қызметімді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің есепшісі болып бастадым. Кейін аудандық экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі қызметіне ауыстым. Жалпы, әр мемлекеттік қызметкер өз жұмысын абыройлы атқаратынына сенімдімін. Себебі, мемлекеттің дамуына тікелей әсер етуші мамандар – мемлекеттік қызметкерлер екені даусыз. Дегенмен бүгінде түрлі сайттардың әсерінен мемлекеттік қызметкерлерге деген көзқарас өзгеше өрбуде. Олар біздің жұмысымыздың жауапкершілігін толығымен түсінбейтін шығар, бәлкім. Атқарып жатқан халыққа пайдалы жұмыстарымыз көп жағдайда көрінбейді де, аз ғана кемшін дүние болса, бірден елге тарап кетеді…
Әрине, мемлекеттің әрбір жұмысы тікелей қаржымен байланысты. Сондықтан, міндетімді адал атқарып жүрмін десем, артық айтқаным емес шығар, сірә. Қаржы ғана емес, кез-келген жұмысты әр адам асқан мұқияттылықпен, жауапкершілікпен жасауы керек деп ойлаймын. Сонда ғана ішкен асы өңешінен өтіп, ұйқысы тыныш болады. Мысалы, бүгін біз аудандағы бюджетті нақтылауға дайындалып жатырмыз. Негізгі жұмыс: қаржының игерілуін қадағалау, облыстық басқармаларға күнделікті есептерді ұсыну және басқалары…
Ақгүл ҚҰДАЙБЕРГЕН.