СЕНАТОРЛАР – ҰЛТ ҰЯСЫНДА
Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Серік ШАЙДАРОВ пен Советбек МЕДЕБАЕВ Ұлт бесігіне атбасын бұрып, аудандық мəслихат депутаттарымен кеңес өткізді.
Басқосуға облыстық мəслихаттың төрағасы Бауыржан Шыңғысов, аудан əкімі Аманжол Мырзабеков, республикалық «ҚазАвтожол» кəсіпорыны басшының орынбасары Сырым Хамзин, Ұлытау облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Дастан Тілеубеков қатысты.
Жиынды аудандық мəслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов ашып, сөз тізгінін Сенат депутаттары Серік Шайдаров пен Советбек Медебаевқа берді. Олар өз кезегінде Парламенттің жоғарғы палатасының жұмысына қысқаша шолу жасап, Ұлытау облысының одан əрі өркендеуіне қатысты қолға алынып жатқан жұмыстар мен олардан күтілетін нəтижелер туралы əңгімеледі. Сондай-ақ, аудандық мəслихат депутаттарын халық сенімін иеленуімен құттықтап, алдағы уақытта тізе қоса əрекет етуге ынталы екендерін мəлімдеді.
Іскерлік ахуалындағы əңгіме барысында аудандық мəслихаттың депутаттары түрлі мəселелер төңірегіндегі ойларын ортаға салды. Сенат депутаттары туындаған сауалдарға жауап беріп, көтерілген мəселелер мен ұсыныстар бақылауға алынатынын атап өтті.
Жиыннан кейін сенаторлар аудан тұрғындарын жеке мəселелері бойынша қабылдады.
Аудан əкімдігінің баспасөз қызметі.