Сенатор – Ұлытау өңірінде
Ұлытауға жұмыс бабындағы сапармен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рысқали ӘБДІКЕРОВ аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВПЕН бірге әлеуметтік нысандарды аралап, жұртшылықпен жүздесті.
Алғашқы кезекте аудандық полиция бөлімінің ұжымымен кездесіп, қоғамдағы жағымсыз кесел – мал ұрлығының алдын алуға, есірткіге қарсы күресті пәрменді ете түсуге, зорлық-зомбылық атаулыға тосқауыл қою мәселесіне қатысты әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, адамдар арасындағы шиеленісті жағдайларды сотқа жеткізбей медиация тәсілі арқылы реттеу, халықтың полиция қызметкерлеріне сенімін нығайту талабы және тағы да басқа көптеген жайттар қозғалды. Қоғамдық тәртіп сақшыларын баспанамен қамтамасыз ету жайы да тілге тиек етілді.
Сапар барысында сенатор биылғы жылы қолданысқа берілетін туристік Сапар орталығында болды. Мұнда «Ұлытау» қорық-мұражайының директоры Бақтияр Қожахметов ерекше бітімдегі ғимараттың ерекшеліктері мен жұмысты ұйымдастыру шарттылықтары туралы кең сипатты мағлұмат берді. Өз кезегінде Рысқали Қалиақпарұлы Ұлытаудың ұлық қасиетін одан әрі танымал ете түсуге қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
Бұдан кейін әкімдіктің мәжіліс залында аудан активі, аудандық мәслихат депутаттары, ақсақалдар қауымының өкілдері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері және аудан тұрғындарымен кездесті. Бүгінгі күннің өзекті тақырыптары бойынша байыпты сөз өрбіткен Сенат депутаты Ұлытау өңірінің тыныс-тірлігінен жетік хабардар екенін айқын аңғартты.
Кездесу барысындақатысушылар тарапынан тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етудегі, электр энергиясымен жабдықтаудағы кедергі-кемшіліктер мәселесі көтеріліп, Ұлытау-Сәтбаев бағытындағы көлік жолы мен қоғамдық көлік қызметінің сапасы туралы сөз қозғалды. Аудандық мәслихаттың депутаты Жарқынбек Бөлендин тиісті заңнамалық құжатқа тұрақтандыру қорын аудандық деңгейде қалыптастыруға қатысты өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс берді.
Барлық пікірлер мен сауалдар бойынша тұжырымды ойларын ортаға салған Сенат депутаты аталған жайттарды бақылауда ұстап, оңтайлы орындалуына мүдделілік танытатынын мәлімдеді.
Сенатордың өңірге жұмыс сапары Жезді кентіндегі спорт-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарын бағамдаумен түйінделді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ