Сенат Төрағасының орынбасары – Ұлытау өңірінде
Ұлытау ауданына жұмыс бабындағы сапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Нұрлан ӘБДІРОВ аудан активімен кездесу өткізді. Аудан әкімдігінде өткен жылыжүзді жүздесуге аудандық мәслихаттың депутаттары және әкімдер сайлауында халық сенімін иеленіп, жаңадан сайланған ауылдар мен кент әкімдері қатысты.
Жүздесу барысында Нұрлан Әбдіров Парламент Сенатының мемлекеттің дамуы үдерісіне қосып отырған үлесі хақында ой толғады. Елбасы бағдарламалары, Президент Жолдаулары мен нақты тапсырмаларының ел аумағында іске асырылу деңгейіне, олардың нақты нәтижелеріне сараптамалық тұрғыда сипаттама берді.
Ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың жайына біршама қанық екенін аңғартып, індетке тосқауыл қою шаралары мен вакцина алу жұмыстарында белсенділік танытуға шақырды. Нұрлан Мәжитұлы, сонымен қатар, жергілікті әкімдер сайлауында ат оздырып, іске кіріскен ауыл әкімдерінің алдағы жұмыс жоспарларын зерделеді. Келелі кеңес беріп, қадамдарына сәттілік тіледі.
Мәртебелі мейман аудан аумағында орын алған дала өрттерін де назардан тыс қалдырмады. Бұл жағдайға байланысты аудан әкімі Советбек Медебаев нақты деректерге негіздей отырып, толыққанды мәліметтерді алға тартты.
Басқосу соңында Нұрлан Әбдіров жуырда ғана жарық көрген құнды еңбек – «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» кітабының үштомдығын аудандық кітапхана оқырмандарының игілігіне жарату мақсатында Советбек Тұрсынұлына табыс етті.
Сенат Төрағасы орынбасарының Ұлытауға жұмыс сапары ұлт қазынасына айналған тарихи орындарға тәу етумен түйінделді.
Жасұлан АЯШЕВ