Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын органға айналуға тиіс — Мәулен Әшімбаев

 Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы қалалық мәслихатының депутаттарымен кездесті. Кездесуде елімізде жүргізіліп жатқан кешенді демократиялық реформалар және Қазақстанның саяси жүйесіндегі жаңғыртулар жан-жақты талқыланды.

Сенат спикері өз сөзінде Әділетті Қазақстан құрудың негізгі қағидаттарына назар аударып, осы бағытта барлық деңгейдегі өкілді органдардың бірлескен жұмысы маңызды екенін айтты.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев алдағы Парламент және мәслихаттар сайлауына тоқталды.

Сенат нағыз өңірлердің мүддесін қорғайтын палатаға айналады. Осыған қатысты өзгерістер бойынша да сөз қозғалды.

Сенат төрағасы мұның бәрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылған конституциялық реформаның лайықты жалғасы екенін атап өтті.

«Алдағы уақытта Парламент жаңа жағдайда және жаңа талаптар мен міндеттерді ескере отырып жұмыс істейді. Сенат нағыз өңірлердің мүддесін қорғайтын органға айналуға тиіс. Маңызды экономикалық және әлеуметтік процестер көбіне жергілікті жерлерде болатыны белгілі. Өңірлерді кешенді дамытпай тұтас елдің өркендеуін жаңа деңгейге шығару мүмкін емес. Сондықтан Әділетті Қазақстан құру үшін осы бағытқа басымдық беруіміз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар палата төрағасы осы аптада сенаторлар қабылдаған «Агломерацияларды дамыту туралы» заң өңірлерді жан-жақты дамытуды көздейтінін айтты.

Осы заң аясында кешенді жоспар қабылданады.

Одан бөлек, заңның нормаларын іске асыру азаматтарды қоныстандыру және өндірістік күштерді орналастыру жүйесін жетілдіруге, инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымды тиімді пайдалануға оң әсерін тигізеді.

Осыған орай Мәулен Әшімбаев еліміздегі ең ірі Алматы агломерациясын дамыту үшін Сенат пен мәслихат депутаттары бірлесіп жұмыс істеуі керектігін қаперге алды.

«Өңірлерде Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың, ұлттық жобалардың, шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларының және басқа да маңызды басымдықтардың іске асырылу барысын бақылауға ерекше назар аударылады. Сенаттың негізгі міндеттерінің бірі – өңірлердің мүддесін қорғау және өкілдік ету. Мәслихаттармен тығыз өзара іс-қимыл осы басымдықтың негізгі шарты екені сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.