Семей тұрғындары президент сайлауында 149 учаскеге барып дауыс бере алады
Семей қаласының тұрғындары президент сайлауында 149 учаскеге барып дауыс бере алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Семейдегі сайлау учаскелері президент сайлауын өткізуге дайындалып жатыр.
«Сайлау күні шаһар халқы 149 учаскеге барып дауыс бере алады. Оның ішінде 19-ы жабық сайлау учаскесі. Жабық сайлау учаскелері — қандай да бір себептермен жалпы сайлау учаскелеріне келе алмайтын және әскери бөлімдерде, ауруханаларда, құқық қорғау органдарының мекемелеріндегі азаматтар үшін жұмыс істейді», — делінген ақпаратта.
Сондай-ақ қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандар өздерінің конституциялық құқығын пайдаланып, үйде дауыс бере алады.
Айта кетейік, Семейде сайлаушылар тізіміне 232 мыңнан астам адам енгізілген.