Саяси науқанға – қапысыз қамданыс

Елімізде Қазақстан Республикасы Президент сайлауы қарашаның 20-сы күні өтеді. Бүгінгі күні қоғамға үлкен серпіліс əкелетін саяси науқанның өтуіне санаулы күн қалды. Бұл Қазақстанның тұрақтылығы мен тұтастығын сақтап қалуда саяси жүйені жаңартудың қажеттілігінен туындап отырған маңызды шара. Ал оған Ұлытау ауданының əзірлігі қандай? Осыны білу мақсатында Ұлытау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт АХМЕТОВПЕН сұхбаттасқан едік…

– Мақсұт Қыздарбекұлы, алдағы Президент сайлауына əзірліктеріңіз қандай деңгейде? Əңгімені осы сауалдан бастасақ…

– Баршаңызға белгілі, Қазақстан Республикасының Президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында болады. Сайлауға 18 жасқа толған жəне сайлау құқығына ие азаматтар қатыса алады. Сайлау өткізу жұмыстары бекітілген күнтізбелік жоспарға сəйкес жүргізіліп отыр. Аудандық жəне учаскелік сайлау комиссияларының құрамы мен учаскелік шекаралары аудандық «Ұлытау» газетіне жарияланып, сайтқа салынды. Осы бағытта аудан бойынша дауыс беру процесін ұйымдастыру үшін аудандық сайлау комиссиясы мен сайлау учаскелері құрылып, дауыс берушілердің тізімі нақтыланды. Бұдан басқа да жұмыстар рет-ретімен жүргізіліп жатыр.

– Енді мынаны айтыңызшы, аудан аумағында жалпы қанша сайлау учаскесі жұмыс істемек?

– Біздің комиссия құрамымыз 157 адамнан құралған. Жалпы аудан бойынша 30 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Учаскелік комиссияда – 150 адам, аумақтық сайлау комиссияларында 7 адам. Сайлау учаскелерінің сегізі білім беру мекемелерінде, он екісі мəдениет үйлерінде, біреуі агроколледжде, тоғызы шағын елді мекендерде орналасқан. Мұндағы тоғыз учаскенің комиссия мүшелері өздеріне берілген аумақтың тұрғындарын аралап жүріп дауыс жинайды. Бұл əбден қалыптасқан жағдай. Оған комиссия мүшелері дайын деп сендіре аламын.

– Бұл түсінікті. Ал сайлаушылар өздерінің тізімде бар-жоғын қалай білуге болады? Осы жайында қысқаша айтып өтсеңіз…

– Алдымен сайлаушылар тізімі жасалынып, жергілікті атқарушы органдардан сайлау комиссияларына акт арқылы беріледі. Қазір аудан бойынша сайлаушылар саны 7004 адамды құрап отыр. Бір айта кетерлігі, бүгінгі күні əр сайлаушы өзінің сайлаушылар тізіміне тіркелген не тіркелмегенін мобильді телефон арқылы білуіне мүмкіндік бар. Ондағы һttps://sailau09.kz сайтына кіріп, өзінің аты-жөні жазылған, жазылмағанын анықтай алады. Егер тізімге тіркелмесе, жергілікті органдарға хабарласу керек. Оның сыртында, сайлауға қатысушыларға дауыс беру орны мен уақыты туралы хабарланып, мекенжайларына қосымша шақыртулар жібереміз.

– Өзіңізге белгілі, сайлауға қатысушылар арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар ғой. Олардың сайлауға қатысу құқықтары қалай сақталып отыр?

– Бұл бағытта бірқатар жұмыстар іске асырылды. Əлеуметтік қорғау министрлігінің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Қолжетімді картасы» бағдарламасына 21 сайлау комиссиясы енгізілген. Аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі 17 адам бар. Олар үшін арнайы пандустар талапқа сай жасалған. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға сайлау учаскелерінде кабинкалар, бұрыштар жасалынып, трафареттер берілді. Оларға өз таңдауын жасау үшін ыңғайлы жағдайларды қарастырып қойдық.

– Негізінде, сайлау учаскесіндегі комиссия құрамы қоғамның жаңа үрдістеріне əрдайым дайын болу керектігін жақсы білесіз. Бұл жолда сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Аудандағы сайлау комиссиясының құрамы саяси іс-шараны өткізуге 100 пайыз дайын. Оларға сайлау өткізу туралы оқыту мен тест тапсыру жұмыстары уақытылы жүргізілді. «Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» Заңдары түсіндіріліп, күн сайын пысықталуда. Мұнымен қоса, электронды пошта арқылы жəне əлеуметтік желілер мен мобильді жүйеде дидактикалық материалдар, құқықтық актілер, СЭС нұсқалары, қажетті мəліметтер уақытылы таратылып, күнделікті ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп отырады.

– Мақсұт Қыздарбекұлы, сөз соңында сайлаушыларға айтарыңыз…

– Ең бастысы, бұл жолғы сайлау халқымыздың береке-бірлігін арттырып, мемлекет дамуының жаңа кезеңіне үлкен жол ашқалы тұр. Осы сайлауда халықтың азаматтық белсенділігі сынға түседі. Өз басым саяси науқан тек оң өзгерістер мен жаңа бастамаларға себеп болады деген сенімдемін. Сондықтан əрқайсыңызды сайлауға ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын.

Əңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қайрат ЖҰМАБАЙ.