САЯСИ ДОДА: Бұл сайлау несімен ерекше?
Сонымен, 19 наурызда Сегізінші сайланатын Мəжіліс пен жергілікті мəслихаттардың депутаттарын сайлау науқаны өтетін болды. Депутаттыққа үміткерлерді тіркеу аяқталып, олар сайлау алды үгіт жұмыстарына кірісіп те кетті. Сөйтіп, елімізде тағы бір үлкен саяси дода басталды. Тағы деп таңбалап отырғанымыз да тегін емес. Өткен жылы елімізде екі үлкен саяси науқан өтті. Ел болып Ата Заңымызға өзгеріс енгіздік. Соның аясында кезектен тыс Президент сайлауы да өтті. Енді, міне, кезек Мəжіліс пен барлық деңгейлердегі мəслихаттарға де келіп жетті. Бірақ, «бұл əн бұрынғы əннен басқаша» демекші, бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгеше өткелі тұр. «Əділетті Қазақстан» қағидатына сай өтетін сайлаудың өзіне тəн өзгешеліктері де аз емес. Сонымен, алдағы саяси додада қандай өзгерістер болады? Енді соны шамамыз жеткенше саралап көрелік.
Мəжілістің мандаты қысқарды
Бұл сайлаудағы бірінші һəм басты ерекшелік деп айтсақ болады, Мəжілістің мандаты қысқарды. Яғни, жетінші сайланған Парламенттің Мəжілісінде 107 депутат болған болса, жаңадан жасақталатын Мəжілісте мандат саны 9-ға қысқарып, 98-ді құрап отыр. Қысқартылған бұл 9 мандат осы уақытқа дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын депутаттарға тиесілі.
Сонымен, өткен жылы түзетулер енгізілген Конституциямызға сəйкес, Мəжіліс конституциялық заңда белгіленген тəртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын 98 депутаттан тұрады. Мəжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.
Мəжілістің депутаттарын сайлау жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. «Енді Мəжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады», – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мəжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты халыққа жасаған мəлімдемесінде.
Мəжіліс депутаттарының бұл сайлауында мұнан да өзге өзгешеліктер бар. Нақтырақ айтар болсақ, елімізде жүргізілген конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рəсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Партия мүшелерінің санына қатысты талап та түбегейлі өзгерді десек болады. Айталық, бұған дейін партия құру үшін оған мүше азаматтардың саны 20 мың болу тиіс болса, реформадан кейін ол тек 5 мыңға дейін қысқартылды.
Тағы бір өзгеріс партиялардың аймақтардағы өкілдіктерінің мүшелеріне қатысты. Яғни, бұған дейін партия құру үшін əр өңірде кемінде 600 жақтасың болу шарт еді. Ал қазір 200 адам партияңызды қолдаса, саяси ұйымның тіркелуіне жеткілікті. Дəл осы мүмкіндікті бірқатар саяси белсенді қолданып та үлгерді. Бұған дейін елімізде «AMANAT» партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан халық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы белсенділік танытса, ендігі уақытта олардың қатары «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы мен «Respublica» партиясы толықтырып отыр.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы атап өткендей, сайлау бюллетеніне «бəріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі де өте маңызды шешім болды. Партиялардың Мəжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл да – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мəні бар қадам.
«Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын əйелдерге, жастарға жəне ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді. Мұның бəрі саяси бəсекені күшейтеді, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашады», – деп атап өтті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз мəлімдемесінде.
Депутаттар аралас жүйемен сайланады
Əңгімеміздің басында Мəжіліс депутаттарының аралас жүйе бойынша яғни, белгілі бір бөлігі партиялық тізім, белгілі бір бөлігі бір мандатты округтерден сайланатынын айтып өттік. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мəслихат депутаттары да осындай тəсілмен сайланады. Мұны да Мемлекет басшысы ел тұрғындарына жасаған мəлімдемесінде атап өтті.
«Депутаттардың 50 пайызы бірмандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал, аудан жəне облыстық маңызы бар қалалардағы мəслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша, Мəжіліс пен мəслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық жəне аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қоғамның одан əрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады», – деді Президент.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, сайлау науқанын ұйымдастыру жəне оны өткізу ісінде аумақтық сайлау комиссиялары маңызды рөл атқарады. Енді облыстық сайлау комиссиялары кəсіби түрде тұрақты жұмыс істейді. Бұл шешім сайлауға қатысты іс-шаралардың сапалы атқарылуын қамтамасыз етеді.
Қазақстанда қарқынды жəне жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан əрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді. Қазір əлемде дəл осындай ауқымды өзгерістерді қолға алған мемлекеттер көп емес. Мəжіліс пен мəслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады. Біз бір ел, бір халық болып, Əділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы жолда түрлі сын-қатерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Тақырыпты тұздықтау
«Сайлау өтеді» дегелі бері əлеуметтік желілерде ой-пікірлер легі толастар емес. Тақырыбымызды тұздықтау үшін əлеужелідегі осы саяси науқанға қатысты айтқандарын да оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.
– Қазір елдің көзі ашық, көкірегі ояу. Саяси мəдениеті қалыптасқан. Сондықтан, сайлау əділ өтіп, халықтың шынайы таңдауы болуы керек. Қазақстанда жаңа саяси күштер қалыптасуда. Еліміз Тəуелсіздігін жариялаған 32 жыл ішінде үлкен сындарлы жолдардан өтті. Əділетті Қазақстан құратын кез келді…
Нұрдəулет.
«Фейсбук» парақшасынан
– Сайлаудың маңызы жəшікке қағаз салу ғана емес, əр сайлаудан кейінгі өзгерістердің болуына атсалысуында. Біз өз тағдырымыз үшін еліміздің ертеңі, береке-бірлігі, халқымыздың бақытты тұрмысы үшін дауыс береміз. Шыны керек, қарапайым халықтың сайлауға немқұрайлы əрі сенімсіз қарайтыны бар. Алдағы сайлауда халық сенімін қайтаруға жұмыс жасаса жөн болар еді.
Айгерім Досай.
«Фейсбук» парақшасынан
– Шынын айту керек, қалалық мəслихат депутаттарын танымайтын тұрғындар өте көп. Өз басым сайлаудан үміт күтпейтінмін жəне сенбейтінмін. Алдын ала кімнің өтетіні, қай партияның басым түсетіні белгілі болып жүргені де рас. Тіпті, жұрт атын атап, түсін түстеп, жайбарақат үйлерінде отыра береді. Оның несін жасырамыз, көзімізбен көріп жүрген жағдай осы…
Сезім.
«Инстаграм» парақшасынан
– Негізі сайлау елдің түрақтылығы мен экономикасы, халықтың мүддесі мен əл-аухатының тұрақты дамуы үшін өткізіледі емес пе? Осы уақытқа дейін депутаттардың мəселе көтеріп, оны шешу жолдарын қарастырғанын көрмедім. Бірақ алдағы сайлаудан оң өзгеріс пен саяси серпіліс болар деп үміттенеміз…
Еркебұлан.
«Фейсбук» парақшасынан
P.S. Иə, қоғам арасында əртүрлі пікір бар, бірі сайлауға сенім артса, енді бірі сенімсіздік танытады. Қалай десек те, сайлау – еліміздің ертеңін айқындайтын қоғамдағы ауқымды шара. Ол – мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттырады, Үкімет пен басқарушы саяси партияның саясатын бағалайды жəне мемлекеттің қызметіне қоғамдық бақылау жасауға мүмкіндік береді. Мемлекеттің болашағына бей-жай қарамайтын əрбір азамат оның өтуіне өз үлесін қосып, қатысуы керек-ақ дегіміз келеді. Əзірге кімдер нақты түсетіні белгісіз, бірақ биыл көптеген азаматтарға, оның ішінде жастарға мол мүмкіндік сыйлауда. Қалғанын уақыт көрсетер.
Ізбасар ОЙБАС.