Саясат Нұрбек: «Конституция – ең жоғары нормативтік құқықтық актіміз»

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері Павлодар облысының креативті жастарымен кездесті. Онда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жасанды интеллект ғылым саласына айрықша әсер етіп, сол арқылы биотехнологиялар мен биохимия қарқынды дамып жатқанын мәлімдеді.

«Фармацевтика саласында күрделі алгоритмдер арқылы жаңа дәрі-дәрмектер шығарылып жатыр. Осы өзгерістерге қалай дайындаламыз? Ел ретінде, мемлекет ретінде, халық ретінде не істеуіміз керек? Ол үшін тек қана өзіміздің негізгі құжаттарымызды өзгертуіміз керек. Ал Конституция – ең жоғары нормативтік құқықтық актіміз. Сондықтан осы жаңа өзгерістерге дайындалу үшін жаңа Конституциямызда білім, ғылым, адам капиталы және инновация басым бағыт ретінде белгіленді», – деді Саясат Нұрбек.