Сауда нысандарын аралап, кәсіпкерлермен кездесті

Өткен аптаның соңында өңірімізге ҚР Сауда жəне интеграция вице-министрі Қайрат БАЛЫҚБАЕВ пен осы министрлікке қарасты Сауда комитетінің төрағасы Айдар ƏБІЛДАБЕКОВ жұмыс сапарымен келді. Құрметті меймандар сапар барысында облыс орталығындағы бірқатар сауда нысандарын аралап, жұмыстың жайымен танысты. Сапар соңында бизнес өкілдерімен кездесті.

Вице-министр Қайрат Балықбаев пен Сауда комитетінің төрағасы Айдар Əбілдабеков өздерінің жұмыс сапарларын «Ұлы дала» көтерме-тарату орталығынан бастады. Аталмыш нысан өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тауар тапшылығын тудырмау жəне бағаны тұрақтандыру мақсатында өткен жылы ашылған болатын. Мамандар меймандарға орталықтың қуаты мен мүмкіндігі жайлы кеңінен мағлұмат берді. Олардың айтуынша орталықта ұн, жарма жəне бакалея өнімдерін сақтайтын арнайы орындар мен ет пен балық, шұжық өнімдерін сақтауға арналған тоңазытқыш камераларымен қамтамасыз етілген үш терминал бар. Келешекте өңірде еттің жартылай фабрикаттарын шығаратын цех пен 10 мың тоннаға дейінгі өнімді сақтай алатын көкөніс қоймасын іске қосу да жоспарланып отыр. Бұдан соң вице-министр мен комитет төрағасы облыс орталығындағы «Ұлытау нан» зауыты мен «Samadi mart» гипермакетіне атбасын бұрды. Зауыт тəулігіне 20 тонна нан өнімдерін шығарып, халықты нан жəне нан өнімдерімен қамтамасыз етсе, гипермаркет тұтынушыларға азық-түлік өнімдерінің 50 мыңнан астам ассортиментін ұсынады.
Құрметті меймандар өз кезегінде əлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын өсірмеу жөніндегі міндеттерді де еске салды. Бұл бағытта тұрақтандыру қоры арқылы субсидиялауды жалғастыру, азық-түлік зертханасын ашу жөнінде ұсыныстар жасалды.

Жұмыс сапары барысында облыс əкімдігінің мəжіліс залында бизнес өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуді облыс əкімінің орынбасары Дастан Рыспеков ашып, жүргізіп отырды. Өз кезегінде сөз алған вице-министр Қайрат Балықбаевқа Мемлекет басшысының халыққа арнаған «Əділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудағы Сауда жəне интеграция министрлігінің жүргізіп жатқан жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша Қытай, Орта Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс жəне Еуропа одағы елдерімен сауда қарым-қатынастарын нығайтуға көңіл бөлінуде. Шикізаттық емес экспорттық тауар көлемін 46,5 млрд. долларға дейін жеткізіп, 5 шекара маңы хабын құру шараларын іске асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Кездесуде кəсіпкерлер министрлік өкілдеріне өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Тұрақтандыру қорынан ұн бөлу, өңірде аккредиттелген азық-түлік зертханасын ашу мəселелері көтерілді. Вице-министр кездесуде айтылған əрбір мəселенің назардан тыс қалмайтынын айтып, кейбір сауалдарға орай сол жерде жауап беріп, мəн-жайды түсіндірді.

Ізбасар ОЙБАС.