САУАЛЫ мен ЖАУАБЫ

Құрметті Ұлытау ауданының тұрғындары және қонақтары!

Сіздердің назарларыңызға аудан бойынша жеке және заңды тұлғалар тарапынан жиі түсетін маңызды әрі өзекті сұрақтардың тізбесін жауаптарымен бірге ұсынып отырмыз.

Сұрақ: Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады?

Жауап: ҚР Ұлттық Экономика министрінің «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы» 2015 жылдың 9 сәуіріндегі №319 бұйрығымен бекіген мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сай, Ұлытау ауданының халыққа қызмет көрсету орталығына немесе электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы құжаттарды өткізіп, кезекке тұруға болады:

— осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 1 қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш;

— өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

Жоғарыда аталған мемлекеттік қызмет көрсету  стандартына сәйкес, қажетті құжаттардың толық тізбесін халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің Ұлытау аудандық бөліміне өткізгеннен кейін, тұрғын үй комиссиясында өтініш заңға сәйкес қаралады.

Сұрақ: Жас мамандарға «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы ауылдық елді мекендерге жұмысқа орналасу үшін қандай жеңілдіктер қарастырылған және қайда хабарласуға болады? 

Жауап: «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына қатысу үшін аудандық экономика және қаржы бөліміне 8 (710 35) 2-11-23 телефон номеріне хабарласып, кеңес алуға болады. Тиісті құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Ұлытау филиалы (ЦОН) арқылы өткізеді.

Сұрақ: Кәсіпорындарда және аудан көлеміндегі дүкендерде індеттің таралуына байланысты қандай сақтық шаралары қолданылады?

Жауап: Қарағанды облысының бас санитариялық дәрігерінің қаулысына

сәйкес, дүкендерде тұтынушылардың сақтық шараларына арналып, антисептиктер қойылған және қатаң түрде бетпердемен кіргізу талабы қарастырылған. Әлеуметтік арақашықтық – 2 метр. Ұлытау ауданында жұмыс істеп жатқан «Форпост», «Қияқты», «Нэрис», «Самға»  кәсіпорындарында жұмыс вахталық әдіспен атқарылуда. Оларда қажетті сақтық шаралары сақталады.

Сұрақ: Ауданда кәсіпкерлікті, жалпы бизнесті дамытуға қатысты қандай бағдарламалар қолданысқа енгізілген?

Жауап: Ауданда жас кәсіпкерлердің ісін дамыту және қолдау көрсету үшін аудан әкімінің гранты қарастырылған. Одан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар: «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы», «Бизнестің жол картасы — 2025», сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» несиелік серіктестіктері және екінші деңгейлі банктер арқылы мемлекеттік бағдарлама қолдауымен төмен пайызды несиелер беріледі.

Сұрақ: Қарапайым мал шаруашылығында малды асылдандырудың қандай жолы бар?

Жауап: Қарапайым мал шаруашылығында малды республикалық палатада тіркелген асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарынан бұқа сатып алу арқылы асылдандыруға болады.

Сұрақ: Ұлытау селосының ауыз су желілеріне жөндеу жұмыстары қашан жүргізіледі?

Жауап: Қазіргі таңда Ұлытау селосының ауыз су желілерінде қайта құру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Кемель Group» ЖШС жобалау-сметалық құжаттамасына 9 186,0 мың теңгеге түзету жұмыстарын атқаруда. Аталған жұмыс көлемі аяқталғаннан кейін ауыз су желілерін жөндеу жұмыстары басталады.

Сұрақ: Зейнетақы жасындағы төсек тартып жатқан кісілерге жөргек (памперс) беріле ме?

Жауап: Жөргек тек мүмкіндігі шектеулі жандарға, оның ішінде, оңалтудың жеке бағдарлама қағазы бар адамдарға ғана беріледі.

Сұрақ: Санаториялық-курорттық емделу жолдамасы жаз маусымында неге көбірек бөлінбейді?

Жауап: Тиісті салалық басқарма жолдама бөлінісін қала-аудандардан түскен сұраныстарға сәйкес жасайды.

Ұлытау ауданының әкімдігі.