Сараң болма қор боласың
Сараңдыққа байланысты Әбу Зәрр (р.а) былай дейді: Пайғамбарымыз(с.а.с)
Қағбаның көлеңкесінде отырған уақытта қасына бардым. Мені көрген кезде кейіп: – Қағбаның Раббысына ант етейін! Олар зиян шегеді, — деді. Мен зиянға ұшыраушылардың кім екенін білмек болып: – Уа, Алланың елшісі, сенің жолыңда әке-шешем садаға кетсін! Олар кімдер? – деп сұрадым. Пайғамбарымыз: – Олар көп байлығын оңына да, солына да, алды-артына да осылай молынан беретін жомарттардың санатына жатпайтындар, – деп, артынша былай деді: – Әттең, ондай дарқан мінезді адамдар қаншалықты аз. Мынаны біліп қойыңдар, түйесі, сиыры, қойлары бар бола тұра зекетін бермеген әр адамның ақыретте сол малдары мастана алдарынан шығып, алма-кезек сүзгілеп, тұяқтарымен таптайды. Соңғысы бітер-бітпес алғашқы мал әлгі сойқан азапты және бастай жөнеледі. Сөйткен бұл қорлық адамдар арасында үкім беру мерзімі біткенге дейін жалғаса береді».
Алла Тағала адам баласын бұл дүниеге сынақ үшін жібергені белгілі. Сол үшін бай байлығынан, малынан зекет беру арқылы жүрегіне сараңдық сияқты жаман қасиеттерді орындықтырмай, қолы ашық жүрегі жомарт сияқты жақсы қасиеттерді орындықтыруы керек. лла Тағала Құран Кәрімде: «Негізі, сендер Алла жолында мал жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда, араларында сараңдар бар. Кімде-кім сараңдық жасаса, өзіне сараңдық жасағаны. Өйткені, Алла бай, сендер кедейсіңдер. Егер Алладан теріс айналсаңдар сендердің орындарыңа басқа қауым әкеледі. Олар сендер секілді болмайды» («Мұхаммед» сүресі, 38-аят) дейді. Алла біздің бергендерімізге мұқтаж емес, Алла разылығы үшін малымыздан зекет, садақа бермесек, ол өзіміздің сараңдығымыз. Тағы бір аятта: «Алланың кеңшілігінен өздеріне берілген нәрселерінде сараңдық еткендер, бұны өздері үшін қайырлы деп ойламасын. Жоқ, бұл оларға жамандық әкеледі. Сараңдық еткен нәрселері қиямет күні олардың мойына оралады. Көктер мен жердің мұрасы Аллатікі. Алла Тағала сендердің істегендеріңнен толық хабардар» («Әли-Имран» сүресі, 180-аят), делінген.
Алланың өзі берген нығметтері арқылы қайырымдылықта жомарт болу – Раббымызға ризашылығымызды білдірудің ең жақсы тәсілі. Нәпсіні сараңдық пен ысыраптан құтқару, Алла жолында қайырымдылық жасау және мұқтаж адамдарға сый-сияпат пен қаржылай көмек беру шариғаттың негізгі шарттары болып есептеледі.
Жаратқан Иеміз құлдарының ішіндегі өзі қалағандарының несібесін арттырады немесе кейбіреулерінің ризығын тапшы қылып шектейді. Алла жолында жұмсаған мал-дәулеттеріңнің орнын толтырып, қайтарады. Уа Мұхаммед, дәулет берушілердің ең жомарты (Алла) деп айтқан оларға («Сәбә» сүресі, 39-аят), «Қандай қайыр-садақа берсеңдер де, пайдасы өздеріңе тиеді. Тек Алланың разылығын тілеп қана беріңдер. Өз игіліктеріңнен не жұмсасаңдар да, сендерге толық қайтарылады, ешқандай әділетсіздікке ұшырамайсыңдар» (Бақара» сүресі, 272-аят). «Қандайда болмасын игілікті іс жасасаңдар, Алла – бәрін білуші» (Бақара» сүресі, 273-аят). Осы секілді аяттар біздің сараңдықтан тыйылуымызға себеп болмақ әрине оған құлақ салсақ. Тирмизиден жеткен хадисте Хазреті Айша (р.а) риуаят етілген бір хадисте: «Пайғамбарымыздың жанұясы бір қой сойды және оны мұқтаж жандарға таратты. Ардақты Пайғамбар: «сойған малдан не қалды?» – деді. «Тек жауырын сүйегі қалды» – деген жауапты естігенде: «Олай болса, сол жауыын сүйегінен басқасының барлығы орнында тұр» – деп бұйырды. Бұл хадистен ұғарымыз, садақаға берген дүниенің жемісін ақыретте тура сол күйінде немесе артығымен көреміз. Жомарттық адамдық асыл қасиет. Пайғамбарымыз (с.а.с) «Алла үшін надан да болса өзі жомарт пенде құлшылық етуші сараң құлдан жақсы» деген (Тирмизи).
Алла Тағалам баршамыздың жүрегімізге жомарттық орнатып, сараңдықты ада етсін!
Амангелдиева Г.С.