Сапалы білім – басты талап

Баланың оқуға деген талпынысын арттырып, зейінін ашу үшін білім саласында түрлі әдістер қолданылады. Солардың бірі – маусымдық сессия жұмысын ұйымдастыру. Маусымдық сессия – арнайы ресурстық орталықта өтетін оқу шарасы. Сессия кезінде бірнеше мектеп оқушылары мен ұстаздары бірігіп сабақ өтіп, тәжірибе алмасады.

Жуырда №1 тірек мектебінде Ресурстық орталықтың қашықтықтан маусымдық сессиясы өтті. Сессия «Қашықтықтан оқытудың қызығы» атты тренингпен басталды. Тірек мектебі мен магниттік мектептердің оқушыларының қатысуымен дәстүрлі оқу арқылы өткізген сабағынан соң, «Сіз білуіңіз керек!», «Коронавирустан сақтану жолдары» атты дәрігерлік кеңес өткізілді.

Оқушылардан мектеп психологының ұйымдастыруымен «Сіз үшін не маңызды?» атты психологиялық тест алынды. Сессия жұмысын ұйымдастыру іс-шара жоспарына сәйкес, №4 ШЖМ физика пәні мұғалімі А.Тұрсымұратова қашықтықтан 11 сынып оқушыларына “Жарық электромагниттік толқын” атты ашық сабақ өткізді. Сабақтың мақсаты – электромагниттік сәулелердің корпускулярлық-толқындық табиғатын дәлелдейтін мысалдар келтіру (элементар бөлшектердің толқындық табиғаты).

Үштұғырлы тіл саясаты – ресурстық орталық жұмысы алғышарттарының бірі. Осы мақсатта №1 ТМ ағылшын тілі пәні мұғалімі Н.Шиналиева қашықтықтан Zoom платформасы арқылы ТМ және ММ-нің 11 сынып оқушыларына “Have you got the gift of the gab?” тақырыбында сабақ өткізді. Сабақ барысында оқушылар видео тамашалап, мәтінмен жұмыс жасады. Сөйлемді жалғастыру, сөйлемді орын ретімен қою тапсырмаларын белсене орындады. Сабақ соңында диаграмма құрады.

Сессия кезінде оқушыларды рухани дамыту да бір ізге қойылған. №1 тірек мектебінің кітапханашысы Тұрсын Жұлдыз «Камал Смайылов — публицист, қайраткер» тақырыбында қашықтықтан Zoom платформасымен 11 сынып оқушыларына көрме өткізді. Көрменің мақсаты – Ұлытау ұлылығынан үлгі алған Камал Смайылов туралы жалпы мәлімет беру, өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат беру.

Сессияны ұйымдастыру жұмысының іс-шара жоспарына сәйкес, №9 ММ Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қаракөз Саянқызы қашықтықтан Zoom платформасы арқылы ТМ және ММ-нің 11 сынып оқушыларына “Мәтінмен жұмыс жүргізу түрлері” тақырыбында сабақ өткізді. Сабақтың мақсаты – оқушыларды оқу сауаттылығы арқылы жазба мәтіндерді түсінуге және қолдана білуге дағдыландыру. Қоғамдағы түрлі мәселелерді баяндай отырып, жан-жақты ақпарат беру. Мәтіндегі ойды дұрыс айқындауға үйрету. Оқушылардың өз бетімен жұмыс жасауы арқылы теориялық ойлауын, сөйлеу тілін дамыту. Логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіру.

Жоспарға сай, тағы бір сабақ көптің көңілінен шықты. “№ 4 ЖББМ» КММ география пәнінің мұғалімі Динара Қуатқызы қашықтықтан Zoom платформасы арқылы ТМ және ММ-нің 11 сынып оқушыларына «Жаратылыстану сайысы» тақырыбында интеллектуалдық ойын өткізді. Сайыстың мақсаты – оқушылардың зеректік қабілетін дамытып, ой-өрісін кеңейту, білімге деген құштарлығын, география пәніне деген қызығушылықтарын арттыру. Оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, топпен жұмыс істеуге, логикалық ойлау, танымдық қабілетін дамыту.

«№3 ЖББМ» КММ география пәнінің мұғалімі Ардақ Хасенұлы қашықтықтан 11 сынып оқушыларына “География пәнінен оқушыларды ҰБТ-ға дайындаудың тиімді жолдары” тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақтың мақсаты – жоғары білім алуға барлық мектеп бітірушілердің тең дәрежеде қол жеткізуі үшін жүйелі жұмыс бағытын айқындау, тиімді жолдары мен әдіс-тәсілдерін ұсыну болып табылады.

Қорыта айтқанда, сессия өз деңгейінде қызықты да, нәтижелі өтті. Мұндай білім додаларында жүйріктен жүйрік озып, кіл мықтылар анықталады. Оқушылар қабілетін сынап, мұғалімдер тәжірибе жинайды. Сондықтан арнайы сессия жұмыстары өз мақсатын толық орындады деуге болады.

Меруерт Жұмабайқызы,

 директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары.