Сан қырлы мәселелер талқыланды

Аудан әкімдігінде аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВТЫҢ төрағалығымен кеңейтілген аппарат жиыны өтті. Ағымдық сипаттағы және стратегиялық маңызы бар сан қырлы сауалдар талқыға түскен басқосуға аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВ қатысты.

Күн тәртібіндегі ауданның ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласының бүгінгі ахуалы мен болашақтағы жоспарлар туралы мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов баяндады. Хабарлама жасаушының айтуынша, ауданда мал басы санының өсімі байқалады. Көктемгі дала жұмыстары кезінде 26 мың гектар алқапқа дән себу жоспарланған. «Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы» аясында 34 жоба несие алудан үміткерлер санатында тұр. Жалпы осы бағыттағы қам-қарекетті ширату үшін шаруа қожалықтары иегерлерімен семинар-кеңес өткізу жоспарланып отыр. Мибұлақ ауылында мал сою алаңы іске қосылады. Аудан орталығында сүт өткізу орнын ашу – межелі істердің бірі.

Әлеуметтік саланың қазіргі жағдайы жайлы аудан әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев хабарлама жасады. Жыл басынан бері ауданда қатерлі індет инфекциясын жұқтырудың 13 оқиғасы тіркелген. Оның 7-і  дерттен толық айыққан. Науқастардың барлығы – дәрігер бақылауында. Карантиндік шектеуге сәйкес, 26 адам үйінен шықпау талабымен қамтылған. Аудан бойынша дүниеге сәбилердің келу көрсеткіші ұлғая түсуде. Жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны азайып келеді. Аманкелді, Терісаққан ауылдарындағы мәдениет ошақтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ал, Мибұлақта клубтың жылу қазандығы жөндеу – жоспарда. Сарысу мен Егінді клубтарына жарық беру қондырғысы алынады. Жезді,  Қарсақбай кенттеріндегі спорт-сауықтыру кешендері пайдалануға беріледі. Аудан әкімінің орынбасары, сондай-ақ, Жезді кентінде Мұғалімдер үйінің қажеттілігі жөнінде ұсыныс енгізді.

Аппарат кеңесінде 2021 жылы мемлекеттік сатып алулар конкурстарын өткізу және қаржының игерілуі туралы аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ержан Бимағанбетов ақпарат берді.

Аудан әкімі, сонымен қатар, спорт, мәдениет, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар, коммуналдық қызмет салаларындағы жұмыстардың жай-күйін зерделеуге ден қойды. Тиісінше, салалық бөлімдер мен мекемелер басшыларының есебін тыңдады.

Жиын түйінінде тиісті жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді. Оның ішінде, алдағы 3 жылдың жұмыс жоспарын бір ай көлемінде қайыра екшеп ұсыну, жазда мал жаю тәртібін ретке келтіру, мобильді топтардың қызметін пәрменді ету, туризмді түлетуге қатысты жұмыстарды жүйелеу және басқа да көптеген талаптар қамтылды. Советбек Тұрсынұлы, сондай-ақ, халықты індет құрығына ілігу қаупінен сақтау мақсатындағы кешенді шараларды ширатып, жағдайды тұрақты қадағалауды қатаң тапсырды.

Жасұлан АЯШЕВ.