Сайлаушылармен ашық әңгіме

«Nur Otan» партиясынан аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Қасқырбек ӘБУОВ сайлауалды бағдарламамен таныстыру мақсатында «Есіктен есікке» акциясы аясында Қоскөл ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесіп, үгіт-насихат материалдарын таратты.

Жүздесу барысында үміткер партияның бағдарламасын түсіндіріп қана қоймай, азаматтардың тілектерін тыңдап, олардың сұрақтарына нақты жауап беруді мақсат етті.

Қ.Әбуовтың айтуынша, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында Қоскөл ауылының теміржол вокзалына учаскелік полиция пунктін ашу және ауылдың ауызсу құбырын қайта жаңарту жұмысы көзделіпті. Әсіресе, шағын және орта бизнесті дамытуға «Nur Otan» партиясы мемлекеттік ынталандырудың барлық шараларын қолдану арқылы ШОБ субъектілерін қолдауға жәрдемдесетінін жеткізді. Бұдан кейін үміткер ауыл жастарының спорттық инфрақұрылымды жақсарту туралы ұсыныстарын тыңдап, сайлауалды бағдарламаның спортқа арналған тармақтарын егжей-тегжейлі айтып берді. «Партияның алдағы бес жылға жасаған бағдарламасында ұлт денсаулығын нығайтуға, халықты бұқаралық спортпен жаппай айналысуына қолдау көрсететін жолдары қарастырылған. Алдағы уақытта «Nur Otan» партиясы құрылыс есебінен спорттық инфрақұрылымды кеңейтетін болады. Қоскөл ауылынан футбол алаңы мен хоккей корттары ашылады. Бұған қаржы көздері де қарастырылып отыр. Бұл бағытта қабылданған шаралар 2025 жылға дейін іске асырылады» – деді.

Үміткердің айтуынша, тұрғындарды толғандырып жүрген көптеген мәселе «Nur Otan»-ның сайлауалды уәделерінде көрініс тапқан. Соларды өміршең ету үшін сайлаушыларды 10 қаңтарда өтетін сайлауға қатысып, бюллетеньде екінші тұрған «Nur Otan»-ға дауыс беруге шақырды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ

(Материалды жариялау төлемақысы «Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалының қорынан төленді).