Сайлауалды бағдарлама – орындалуымен құнды

Ұлытау аудандық мəслихатының төрағасы – «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалы Саяси кеңесінің Бюро мүшесі, партияның аудандық филиалының төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВТІҢ тізгін ұстауымен «AMANAT» партиясы Ұлытау аудандық филиалы Саяси кеңесінің кезекті отырысы өтті. Басқосуға Ұлытау ауданы əкімінің орынбасары Алмат САКИПОВ, тиісті мемлекеттік мекемелердің басшылары мен өкілдері қатысты.

Жиын барысында жоспарлы күн тəртібіне сəйкес, Алмат Қайратұлы «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» атты 2023-2027 жылдарға арналған Ұлытау ауданы бойынша Сайлауалды бағдарламасының бүгінгі күнге дейінгі орындалу деңгейі туралы хабарлама жасады.

Мəселені талқылау барысында құнды құжаттың іске асырылуына қатысты маңызды жайттар екшеліп, атқарушы билік өкілдері Саяси кеңес құрамы тарапынан туындаған сауалдарға тұщымды жауаптар берді.
Өзінің қорытынды сөзінде аталған бағдарламаның өңірдің одан əрі өркендеуі мен кемел келешегі үшін жүйелі жүргізіліп, орнықты орындалуы өте өзекті екеніне назар аударған Ахат Құрмансейітұлы қолда бар мүмкіндік аясында істі ілгері бастыра түсуге мүдделілік таныту бірегей міндет екенін айрықша атап өтті.
Жиын түйінінде қаралған мəселе бойынша қаулы қабылданып, орындалуы бақылауға қойылды.

Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.