Сайлау – халық таңдауы

Ұлт ұясы – Ұлытауда алғаш рет пилоттық жоба аясында аудан əкімінің сайлауы өтті. Демократиялық бағытта қоғам талаптары жоғары деңгейде сақталған саяси додаға Ұлытау жұрты куə болды. Дауыс беруге құқығы бар 6919 сайлаушының 4428-і сайлауға қатысып, нақты есептік көрсеткіші 64 пайызды құрады.

Ең бастысы, сайлаушылар өз таңдауларын жасап, бірліктің шынайы үлгісін көрсетті. Сайлау қорытындысында 3144 дауыспен «АМАNАТ» партиясы атынан ұсынылған Аманжол Мырзабеков жеңіске жетті. Осы ретте, дауыс берушілердің пікірін тыңдап, бірқатар сайлаушылармен тілдескен едік…

Шаяхмет Үмбетов, Ұлытау ауылының еңбек ардагері:
– Аудан орталығындағы №723 сайлау учаскесіндегі сайлау науқанына қатыстым. Ауданымыздың алдағы дамуы мен келешегін лайықты басшыға табыстау үшін өз таңдауымды жасадым. Əділетті жəне қуатты Қазақстан идеясын қолдап, дауыс бердім. Негізінде, бұл сайлаудың нəтижесі ауданның дамуына зор ықпалын тигізеді деп ойлаймын.
Қанат Байсалбеков, Аманкелді ауылының тұрғыны:
– Таңмен таласа ерте тұрып, №701 сайлау учаскесіне келдім. Əнұран шырқалған сайлаудың ашылуына куə болдым. Учаске іші талапқа сай ұқыпты жабдықталған. Көңіл сүйсінетіндей, əрі жинақы орналастырылыпты.
Сайлаудың ерекшелігі, аудан əкімін жергілікті халықтың өздері дауыс беріп сайлауында болып отыр. Сондықтан, əр сайлаушының дауысы маңызды болмақ. Əсіресе, аудан жұртшылығының белсенділігін қалыптастыруға, əрбір азаматтың өз таңдауларын жасауға мол мүмкіндік туғызды. Бұл – саяси науқан ауыл халқының əділетті түрде дауыстарын беріп, өз құқықтарын жүзеге асыруға кеңінен жол ашты. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» бірлігіміз бекем ел екенімізді көрсетті.

Жасұлан Ақжігітов, жалпы білім беретін №9 Терісаққан мектебінің мұғалімі:
– 5 қараша аудан халқы үшін тарихи маңызды күн болды. Тұңғыш рет пилоттық режимде өткізілген аудан əкімін сайлау шарасына мен де қатыстым. Дауыс беру құқығымды пайдалана отырып, өз таңдауымды жасадым.
Негізі, мен Арқалық қаласының тумасымын. Биылғы жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы №9 Терісаққан орта мектебіне мұғалім болып келген едім. Қазір аталған білім ордасында химия-биология пəнінен сабақ беремін.
Сайлауға қатысу, дауыс беру əр азаматтың өзін-өзі құрметтеуі ғана емес, ауданның болашағы үшін жауапкершілікті көрсету деп білемін. Сол себепті, өз ықтиярыммен №722 Терісаққан сайлау учаскесінде дауыс бердім. Бұл менің азаматтық парызым деп санаймын.
Жасұлан Мұқашев, №703 Борсеңгір учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:
– №703 Сайлау учаскесінде «Сайлау туралы» Конституциялық Заңының талаптарына сəйкес дауыс беру өз деңгейінде ұйымдастырылды. Ешқандай у-шусыз, таза əрі ашық сайлау өтті. Заң бұзушылық немесе басқадай келеңсіз жайттар орын алған жоқ. Барлығы талапқа сай өз дəрежесінде өтті деп айта аламын. Сайлаушылар белсенділік танытып, өз таңдауларын жасаумен қатар демократиялық құқықтарын толық пайдалана білді.
Нұржан Əбікен, Қарсақбай кентінің ең жас сайлаушысы:
– Аудан əкімінің сайлауы мен үшін есте қаларлықтай болды. Тұңғыш рет саяси шараға қатысып, дауыс беру құқығына ие болдым. Бастапқыда №714 сайлау учаскесіне үлкен толғаныспен келген едім. Осы кезде комиссия мүшелері алдымнан шығып жылы шыраймен қарсы алды. Ең жас қатысушы деп өзіме құрмет көрсетті. Қарсақбай халқы алдында беделім жоғарылай түсті. Осының өзі біздің қоғамымыздың жастарға деген құрметі мен сенімі екенін білдім. Ойлана келе, ауданның жарқын болашағы үшін өз таңдауымды жасадым.
Қорыта айтқанда, аудан аумағындағы 30 сайлау учаскелерінде сайлаушылар белсенділік танытты. Оны сайлау комиссиясының құрамы да растап отыр. Бұл – əрине, қуанарлық жайт. Сайлаушылардың саяси серпіліске деген сенімдерінің ояна бастағанын көрсетсе керек. Олар демократиялық бағытта өтіп жатқан сайлаудың маңыздылығын айқын сезінген тəрізді. Сайлау барысында көкейге түйген ойдың бір парасы осы.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.