Сайланған әкімдерді таныстырды

Бейсенбі күні аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ сайлау қорытындысымен ауыл әкімі лауазымына орныққан азаматтарды жергілікті қоғамдастыққа таныстыру және бағыт-бағдар беру мақсатында Аманкелді және Шеңбер ауылдық округтеріне арнайы сапармен барды.


Бір-біріне іргелес орналасқан, шаруалары күйлі қос ауылда да санитарлық талаптарды сақтай отырып, тұрғындардың шағын құрамдағы өкілдерімен әңгіме-сұхбат өткізілді.
Аудан басшысы Аманкелді ауылында Ноян Жеңсікбаевты, ал Қорғасын ауылында Сағат Сұлтановты бұған дейін атқарған жұмыстарының көрсеткіш-деңгейлеріне, олардың нәтижелері мен тиімділігіне баға бере отырып, таныстырды. Ауыл азаматтарына мызғымас ымыра-бірліктері мен белсенді қоғамдық ұстанымдары үшін шынайы алғысын айтты. Тың үрдіске негізделген жаңа үлгідегі сайлаудың алдағы уақытта жалпы қоғам үшін тиімділігі мол боларына назар аударды.
Екі ауылда да алғашқы кезекте сөз алған Қоғамдық кеңестер төрағалары Шортан Қабиев (Аманкелді) пен Хасен Әбдірахманов (Қорғасын) тұрғындардың өз көңілдері қарын білдірді. Ауыл мен ауыл тұрғындарының талап-тілегі әр қадамның басты өзегі болатынын мәлімдеді.


Кездесулердегі қорытынды сөздерінде Советбек Тұрсынұлы қатерлі індетті тежеу мақсатында шектеу шараларына көндігу шарттылық екенін ескертіп, екпе алудың аса маңыздылығын қадап айтты. Әкімдерге осы мақсаттағы насихат жұмыстарын ширатуды және нақты көрсеткіштерге қол жеткізуді міндеттеді.
* * *
Сол күні аудан басшысының тапсырмасымен аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов дәл осындай мақсатта Байқоңыр, Қоскөл ауылдық округтері мен Ақтас кентіне сапарласа, аудан әкімі аппаратының басшысы Ержан Дәуітбаев Алғабас және Сарысу ауылдарына атбасын тіреді.

Өз тілшімізден.