Сәулеті келісті ескерткіш
Әлемде Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні 1984 жылдың сәуірінен бастап аталып өтіледі. Бұл күнді атаулы күн ретінде, 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен болатын.
Бүгінде Қазақстан аймағында ықылым заманнан қалған сәулет өнері ескерткіштері молынан сақталған. Ескерткіштердің басым бөлігі – халық арасында қастерлі болып саналатын тарихи тұлғалардың кесенелері. Қазіргі таңда Қазақстанда ұлттық құндылық болып саналатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіштер бар деп айтудамыз. Оның ішінде, Ұлытау өңірінде 636 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның 282-і «Ұлытау» қорық-мұражайының картасына енгізіліп, ресми түрде тіркелген.
Бір ғажабы, бұл ескерткіштердің тарихи-мәдени бейнесі Еуразияның ешбір далалық аймақтарында кездеспейді. Ескерткіштердің маңыздылығы өте жоғары, әлемдегі еш теңдесі, ұқсастығы жоқ, ескерткіштердің бірегейі болып саналады. Осыған қарағанда, еліміздің ұлылығын дәріптейтін тарихи-мәдени және сәулет өнерінің бай мұрасы – Ұлытауда деуге толық негіз бар. Әсіресе, асқақтана, айбарлана көрінетін Жошы хан мазары – Кеңгір өзенінің сол жағалауында Жезқазғанның солтүстік-шығысынан 55 шақырым қашықтықта жатқан дүйім жұртқа танымал кесене. Жошы хан мазары туралы ең алғашқы жазба естеліктер Хафиз Тыныштың 1589 жылы «Шараф – намений шахи» деген еңбегінде берілген.
Бүгінгі күнге дейін мазарда сақталған таңбаларға қарағанда, оны салуға Жошыға бағынған тайпалар түгелдей қатысты деген дерекке сәйкес келетін сияқты. Сағым даламен, сабырлы өзенмен үйлесім тауып тұрған мазарды Рияз ұста салды деген дерек бар. Мазардың сәулет өнері кеңістігінде шебердің өрнектеген өзгеше таңқалдыратын ғажайып тұстары көп. Көне сәулет өнерінің қайталанбас туындысы саналатын ескерткіштердің бірегейі десе де болады.
Ал, Жошы хан туралы деректерге сүйенсек, 1187-1227 жылдары өмір сүрген тарихи тұлға. Шыңғыс ханның үлкен баласы. Ол – әскери қолбасшы, даңқты мемлекет қайраткері. Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда мемлекеттерінің, Орта Азия, Қазақ және Қырым хандарының билеушілері – осы Жошы әулетінен өсіп-өнгендер. Кей деректерде Жошыны Қазақ хандарының арғы атасы деп те айтып жатады. Оның себебі, Жошының шешесі – Қоңырат руынан шыққан әйгілі Дай шешеннің Бөрте есімді қызы. Жошының түркі тайпаларымен қоян-қолтық араласып, тәуелсіз саясат жүргізуге тырысқаны да осыдан. Ең бастысы, Дешті Қыпшақтағы феодалдық мемлекет Жошы ұлысының негізін қалаушы.
Негізінде, Жошы мазары – көне сәулеттік ескерткіш. Порталды-күмбезді құрылыстар қатарына жатады. Мазардың сыртқы пішіні төртбұрышты болып қаланған. Күмбездің қырлы иектері айшықталып, әшекейленген. Бес-алты метр биіктіктен әрі қарай геометриялық дәлдікте ирекқырды шығара отырып дөңгелене қаланған. Портал жақтауларын өрнекті кірпішпен безендіре келіп, киіз үйдің басқұрына ұқсастырған. Өрнектеліп пайдаланған кірпіштің көлемі 45х45 см құрайды. Күмбез бедерлі қалақ кірпіштерімен әшекейленген. Күмбезді көпқырлы барабанға орнату тәсілі негізінде оғыз-қыпшақ тайпаларына тән тәсіл. Ал, ішкі қабырғаларында таңбадан басқа ешбір әшекейді пайдаланбаған. Қазіргі кезде бұл ескерткіштің мәнісі – ғасырлар төрінен бүгінгі күнге күңгірлеп жеткен тарихи көнелігінде. Кезінде Ұлытау өңірі Жошы ұлысының саяси-әлеуметтік орталығы болғандығын дәлелдей түседі.
Тарихи деректерге үңілсек, Жошы 1227 жылы қайтыс болған деседі. Бірақ, мазардың қай жылы салынғаны туралы нақты айғақ жоқ. Бар болғаны, Алтын Орда кезінде салынған деп айтылады. Жалпы, осындай мазарлар соғу Ислам діні енгеннен кейін дәстүрге айналған. Оған дейін таспен қаланып, тас белгі, балбал тастар ғана қойылып келген.
Бүгінгі таңда, Жошы мазары республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің қатарына жатады. Былтырғы жылы мазарға азды-көпті жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ескерткішті қорғау, сақтау «Ұлытау» ұлттық қорық-мұражайының міндетіне алынған.
Қайрат ЖҰМАБАЙ