Сәуір – «Ғылым және технологиялар» айы

Елімізде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар өтуде. Мерейтойды мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес, әр ай белгіленген тақырыпқа арналады. Наурыз елдің ұлттық дәстүрлері мен мәдениетіне арналса, сәуір айы «Ғылым және технологиялар» айдарымен өтіп жатыр. Барлық іс-шаралар мен жобалар мерейтойлық жылдың басты идеясы – «Жасампаздыққа толы жылдар» белгісімен ұйымдастырылуда.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтудің сәуір айындағы кестесі оқуда, ғылымда жоғары жетістіктерге жетіп жүрген жас талантты қазақстандықтарды қалың бұқараға таныстыру мен қолдау жөніндегі бірқатар іс-шараларды қамтиды.

«Жастарға мықты, тәуелсіз Қазақстанды құруға оның өз білімін, уақыты мен күшін жұмсауына қолайлы жағдай жасау қажет», – деп атап өтті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында.

Бұл ретте, Қазақстанда жас ғалымдарды қолдауға бағытталған бірқатар жобалар іске қосылды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры еліміздің ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындары жанындағы Үздік жас ғалымдар кеңесі байқауын жариялады. Жеңімпазды анықтау кезінде байқау комиссиясының мүшелері жас ғалымдар кеңестерінің белсенділігі мен жұмысының нәтижесіне қарай бағалайтын болады. Сондай-ақ, Қор Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарында ғылымның, технологиялар мен техниканың басым бағыттары бойынша қолданбалы ғылыми-зерттеу жобалары мен жас ғалымдардың жұмыстарын қаржыландыруды ұсыну бойынша гранттар алуға конкурс жариялады.

Білім және ғылым министрлігі қазақстандық ғалымдардың ғылым мен жаңа технологиялардың әртүрлі салаларындағы жетістіктерін танымал ету бойынша «GYLYM TALKS» интернет-жобасын іске қосты. Сонымен қатар, осы ай ішінде «Ақылды ұрпақ» жас ғалымдардың онлайн-форумын өткізу жоспарлануда.

Бүгінде Қазақстан ғылымы саласында 22 мыңға жуық маман жұмыс істейді. Қазақстанның ғылыми қызметкерлерінің 34%-дан астамын 35 жасқа дейінгі мамандар құрайды.

Өз тілшімізден.