Сәттібек ҚОРҒАНБЕКОВ, қаржы саласының ардагері: «Ұлттық валюта – Тәуелсіздігіміздің басты нышандарының бірі»
15 қараша – Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгізілген күні. Осы күн елімізде қаржыгерлердің кəсіби мерекесі деп аталып өтеді. Осы мерейлі мерекеге орай біз кезінде Ұлытау аудандарының қаржы бөлімін басқарған, өңірімізде теңге айналымына тікелей қатысқан қаржы саласының ардагері Сəттібек ҚОРҒАНБЕКОВ ағамызға арнайы хабарласып, сол бір тарихи сəттердің қалай басталып, қалай өткендігі, теңге айналымға енгеннен кейінгі өзгерістер туралы əңгімелескен едік.
– Ассалаумағалейкум, аға. Төл мерекеңіз құтты болсын.
– Уағалейкумассалам. Рахмет. Иə, бұл мерекенің маңызы зор. Ұлттық валюта – ел тəуелсіздігінің басты нышандарының бірі. Осы мерекемен бірге қаржыгерлер күнінің аталып өтуі біздер – қаржы саласының қызметкерлері үшін зор мəртебе.
– Осы «басты нышан» жайлы əңгіме қашан, қалай басталды? Есіңізде бар ма?
– Неге болмасын. Ол кезде мен Ұлытау аудандық қаржы бөлімін басқаратынмын. Ұлттық валютаға қатысты əңгімені қаржыгерлер алдын ала біліп отырдық. Бірақ оның орындалысы қалай болатыны туралы толық ақпарат жарлыққа қол қойылған соң іске аса бастады….
Өзіңіз білесіз, Қазақстан посткеңестік елдердің ішінде ең соңғы болып рубльдік зонадан шықты ғой. Сол кездері біздің алдымызда жаңа валютаға өтудің екі жолы тұрды. Оның бірі, уақытша ақша бірлігі айналымға енгізіліп, кейін тұрақты валютаға көшу. Бірақ, Қазақстан бұл жолдан бірден бас тартты. Сөйтіп, 1992 жылы бірден жаңа Ұлттық валютаны енгізу туралы шешім қабылданды. Құрамына жоғары дəрежелі мамандар кірген арнайы комиссия құрылып, жаңа валютаны əзірлеу жұмысына кірісіп кетті.
Дизайнерлердің жаңа валюта кескінін əзірлеу жұмыстары Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүргізілді. Бұл туралы дизайнерлерден басқа мемлекет басшылығындағы санаулы адамдар ғана білген.
Сонымен, 1993 жылы 12 қарашада Нұрсұлтан Назарбаевтың «ҚР-ы Ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шықты, ал, 15 қараша күні теңге айналымға енгізілді. Сол кезде төрт «Ил-76» ұшағымен ақшамыздың 60 пайызы елге əкелінді. Бұл операция өте құпия түрде жүргізілді. Облыстарда алдын-ала жерасты қойма жасалынды. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін əрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. Ең қиыны – ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Бұл жұмыстар да өте сақтықпен жасалынды.
– Сонымен, теңге елге, одан облыс, аудандарға жеткізілді. Бұл тарихи сəт біздің сол кездегі Жезқазған облысында қалай жүзеге асырылды?
– Иə, бұл шын мəнінде тарихи сəт еді. 1993 жылы 1-ші қарашада Ұлттық банктің облыстардағы филиалдарына “Х” күні ашылады деген құпия конверттер жетті. Ал, араға үш күн салып Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ұлттық валюта – теңгені енгізу бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. Осындай комиссия Ұлытау ауданында да құрылып, жұмысқа əзірленді.
Сол кездегі аудан əкімі Серік Тілеубаев ақша айналымы мен айырбасын ұйымдастыруға байланысты арнайы қаулы қабылдады. Мен осы шаруаны ұйымдастыру бойынша əкімнің орынбасары болуыма тура келді. Ұлытау ауданындағы ең үлкен территория – Аманкелді кеңшары территориясы бойынша ұйымдастыру басшысы болдым. Бұл жерде халықтың қолындағы ескі валютаны жиып алып, протоколға енгізу, одан соң арнайы шаралар нəтижесі бойынша жаңа валютамен қайтару қарастырылған еді. Оның бəрі, банк жүйесіне құжаттар өткен соң, берілетін болды. Оның дбойынша оның арнайы құжаттары да қарастырылған еді. Мен аудан басшысы С.Тілеубаевтың осы мəселе бойынша орынбасары болуымен қатар территориясы ең үлкен Аманкелді кеңшарындағы жұмысты атқаратын болдым. Бұл ең үлкен отгонный территоия – «Бозшакөлді» қамтушы еді.
Аудандық «Сельхозтехника» мекемесінің басшысы Қуаныш Нəшкенов арнайы «КамАЗ» көлігімен, мен қаржы бөлімінің Нива көлігімен шығатын болдық. Тура осы шараға дайындалып жатқанымызда рация арқылы Бозшакөлдің орталығы «Əли» фермасына жақын қыстақта Ғазиз Жəнібеков деген шопанның қан қысымы көтеріліп əл үстінде жатқандығы туралы хабар келді. Шопанды алдыру үшін сансамолет қажет еді. Кейін осы ұшақ біздің теңге айналымына қатысты шаруамыздың сəтті шешілуіне де септігін тигізді. Қарашаның ортасындағы қарды, жаңбыр жолды түсіріп жіберіп, біз орта жолдан оралған едік. Ертесіне осы ұшақпен Бозшакөлге барып, сырқатты да, шопандардан жиналған ескі ақшасы мен протоколдарын да алып қайта қайттық. Жиналған ескі ақшаны Мемлекеттік банкке, барлық іс-қағаздарды аудандық комиссияға өткіздім.
Бір бұл емес, бүкіл аудан бойынша жасалған жұмыстарды түгендеп, алдын ала хаттамалар толтырып, қорытынды шараларды жасап, құжаттарды дер уақытында өткіздік. Облыс бойынша көлемі үлкен ауданның атқарған жұмысына сол кездегі облыс əкімі Қажымұрат Нағманов оң баға берді. Кейін халықтың жиған-терген қаржыларын теңгеге ауысқан түрі бірнеше этапқа бөлініп, халыққа қайтарылды.
– Сəке, осы орайлы сəтті пайдалана отырып өзіңіз жайлы да бірер ауыз айта кетсеңіз.
– Жалпы, мен қаржы саласында 40 жылға жуық еңбек еттім. «ҚР Қаржы қызметінің Үздігі» атағы берілді. Елімізде теңге айналымы сəтімен өткеннен кейін мен облыстың қаржы басқармасы басшысының бірінші орынбасары қызметіне ауыстым. Сол уақытта да сомның теңгеге ауысуына байланысты көптеген іс-шараларды жалғастырып, түгендеген уақыттар болған.
1994 жылы республикада Минфиннің бір саласы Қазынашылық комитеті құрылды. Көп ұзамай мен облыстық қазынашылық басқармасына басшы болып, облыс тарағанша қызмет еттім. Одан соң Қарағанды облысына облыстық қаржы бақылау жұмысына ауыстырылдым. Кейін ҚР Бас прокуратурасының Қаржы Департаментінде жауапты қызметтерде еңбек етіп зейнетке шықтым. ҚР Бас прокуратурасында «Елеулі еңбегі үшін» медалімен марапатталдым, тағы басқа да марапаттар иегері болдым.
Менің Ұлытау облысы бойынша шəкірттерім жеткілікті. Бүгінде облыс көлемінде қаржы саласының білікті басшылары болып жүрген азаматтар – Тасболат Шайхин, Бейбіт Шəкенов, Əсия Əбілдина менің шəкірттерім екенін мақтана айта аламын.
– Əңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.