Сәтбаев қаласында тұрғындарды сауықтыру бойынша пилоттық бағдарлама жүзеге асырылуда
Қарағанды облысы моноқала тұрғындарын сауықтыру бойынша ауқымды бағдарламаны іске асырып жатқан еліміздегі алғашқы облыс болады. Оны халықаралық деңгейдегі тәуелсіз сарапшылардың зерттеуіне тапсырыс бере отырып, «Қазақмыс» корпорациясы ұсынды. Пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін Сәтбаев қаласы таңдалды. Үш жыл ішінде барлық шараларды жүзеге асыруға шамамен 5,5 млрд теңге қажет болады. Мемлекет пен Корпорация қаражатынан ортақ қаржыландыру болжанып отыр.
Қарағанды облысының әкімдігі мен компания ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Келісімге өңір басшысы Жеңіс Қасымбек пен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай Жезқазғандағы кездесуде қол қойды.
— «Қазақстан жаңа жағдайда: іс-қимыл уақыты» Жолдауында ел Президенті моноқалаларға «екінші тыныс» беруде қала құрушы кәсіпорындардың маңыздылығын атап өтті. «Қазақмыс» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаттарына адалдығын көрсете отырып, облыс үшін маңызды мәселелерді шешуге белсене қатысады. Компания алғашқылардың бірі болып Елбасының пандемиядан зардап шеккендерге көмек қорын құру туралы үндеуіне жауап берді және дәрігерлерге үлкен қолдау көрсетті. Корпорация көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етті. Алда әлі де көптеген игі істер күтіп тұр, — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Сәтбаев тұрғындарын сауықтыру бағдарламасы 2021 жылдың қаңтарында басталады. Алдын ала қалада ғылыми зерттеулер, тұрғындар арасында сауалнама жүргізілді. Сарапшылар медициналық ұйымдардың жағдайына және халықтың денсаулығына әсер ететін қауіп факторларына толық талдау жасады. Бағдарламаны жасаушылар барлық тараптардың: тұрғындар, дәрігерлер, жергілікті биліктің пікірін ескерді.
Моноқалада қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Басқа өңірлерге барудың қажеті болмас үшін Сатбаев қаласында жоқ қызметтер пайда болуы керек. Сондай-ақ, күш-жігер салауатты өмір салтын қалыптастыруға және сол үшін жағдай жасауға бағытталады.
Қаланың медициналық ұйымдарын жаңа заманауи жабдықтармен жабдықтау жоспарлануда. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады. Кадр мәселесін жас мамандарға тұрғын үй беру арқылы шешу көзделіп отыр.
Эдуард Огай компания Сәтбаев қаласында заманауи емхана құрылысын қаржыландыруға дайын екенін хабарлады.
— Біз жұмысшылардың өмірін жақсарту және лайықты деңгейді қамтамасыз ету үшін Бағдарламаға қатысуға шешім қабылдадық. Шетте қала алмаймыз – инфрақұрылымды дамытуға қаржы саламыз. Алдағы үш жылда нәтиже көрінетін болады деп ойлаймыз, — деп мәлімдеді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы.
Осыған ұқсас бағдарламаларды Жезқазған мен Балқаш бойынша да әзірлеу жоспарлануда.
Кездесуде Жезқазған, Балқаш, Сәтбаев және Ұлытау ауданының бес жылдық тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Ол да «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесіп іске асырылуда. Компания өз қаражатын моноқалалардың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға жұмсайды. Бюджет қаражатына 131 жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде су құбыры, жылу желілерін қайта жаңарту және газ тарту, тұрғын үй құрылысы, шатырларды, қасбеттер мен жолдарды жөндеу, қоғамдық орындарды абаттандыру, апаттық үйлердің проблемаларын шешу және әлеуметтік нысандарды жөндеу, қауіпсіздік және экология мәселелері бар.
Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.