Сәтбаев қаласында – Төлек батыр ескерткіші
Ел басына күн туған заманда ұланғайыр жерді жаудан жан аямай қорғап, бізге мирасқа қалдырған батыр бабалардың бірі – Төлек батыр ӨТЕПҰЛЫНА Сәтбаев қаласында еңселі ескерткіш орнатылды. Бұған батырдың ұрпақтары ұйытқы болып, ойға алған істің орнықты орындалуына қала әкімдігі нақты қолдау көрсетті. Ескерткіштің ашылу рәсіміне қадірлі меймандар мен батыр баба ұрпақтары Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналды. Шырайлы шараға Ұлытау ауданының әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ бастаған арнайы делегация да барды.
«Мың өліп, мың тірілген» қазақ жұртында батыр аз емес. Елді, жерді сақтауда барлығының өз орыны бар. Төлек батыр – берісі Ұлытау, әрісі исі қазаққа белгілі, ерлік істері ел аузындағы әңгімелерде, ақын-жыраулардың жырларында, есімі мұрағат құжаттарында кездесетін тарихи тұлға. Өз заманында суырылып шыққан қолбасшы, батырлардың бірі һәм бірегейі. Әрине, халқының сүйіспеншілігіне бөленіп, батыр деген әрі қасиетті, әрі құрметті атаққа ие болу – азаматтың кім үшін қан төгіп, кімдердің мүддесін қорғағандығына, қандай мақсатпен шыбын жанын шүберекке түйіп, ат үстінен түспегендігіне байланысты. Төлек батыр – осы талаптар тұғырынан көрінген тұлға.
Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда аруақты батыр 70 жасқа келгенше ат үстінен түспей, сан жорықтарға қатысқан. Оның есімі Бұланты шайқасы жайлы жырларда да кездеседі.Төлектің ең соңғы қатысқан шайқасы – Қырғыз жорығы екен.
Сонымен, ел тәуелсіздігі үшін егеулі найзасы қолынан түспей, бар ғұмыры еңкуеңку жер шалумен өткен Бағаналы Төлек батырдың еңселі ескерткіші ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Сәтбаевтағы Тәуелсіздік даңғылы мен Ерден көшесінің қиылысынан орын алды.
Ашылу рәсімін жергілікті ақын, әнші Саламат Момбеков арнау жырымен ашып, оны Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов ақжарма тілегімен жалғады.
Ескерткіштің ашылу салтанатында аудан әкімі Советбек Медебаев сөз алып, қалың қауымды аудан жұртшылығы атынан елдіктің белгісіндей ескерткіштің ашылуымен құттықтады.
– «Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ», – деген ұлағатты сөзді естен шығармай тарихта ізі қалған тұлғаларға тағзым ету – қасиетті парыздың бірі. Қазақ ұлты – ұлын ұлықтап, батырын ұрандап көтеретін өткеніне құрметпен қарайтын дара ел. Ұлытау өңірінде сонау өткен ғасырлардың өзінде қол бастап, еліне жалау бола білген жаужүрек батырлар аз болмағанын білеміз. Солардың бірегейі – Найман-Бағаналы Төлек батыр бабамыз. Ел ұранына айналған баһадүрдің еңселі ескерткіш арқылы оның батырлығы, жорық жолдарындағы ерлік істері бүгінгі һәм келер ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз, – деді аудан басшысы Советбек Тұрсынұлы өз сөзінде.
Салтанатты шарада сондай-ақ, Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров, қазақ айтысының қара нары атанған Жүрсін Ерман мен арқалы ақын Аманжол Әлтаев ыстық ықыласты лебіздерін білдірді. Батырдың ұрпақтары атынан «Төлек батыр» қоғамдық қорының жетекшісі Қамариден Бәкірұлы сөз алып, Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысовқа, ескерткіш авторы – Қазақстан Суретшілер одағының, Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі Қаныш Балабековке алғыс айтты.
Ескерткіштің лентасын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов, Ұлытау ауданының әкімі Советбек Медебаев, «Төлек батыр және оның ұрпақтары» зерттеу еңбегінің авторы Орынбай Ошанов, батырдың ұрпағы Қамариден Есназаров қиды.
Ізтай БЕЛГІБАЙ