Сәтбаев қаласында Есқұла суағарын қалыпқа келтіру қашан аяқталады?

Сәтбаев қаласында биыл Есқұла суағарын қайта қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталады. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қалаға жұмыс сапары барысында құрылыстың қандай сатысында екенін тексерді.

Қаражаттың жетіспеуіне байланысты жоба бірнеше жыл бойы кейінге қалдырылды. Қазір құрылыстың соңғы кезеңі жүріп жатыр.

– Екі резервуар, сорғы станциясы, хлоратор станциясы салынады. Нысанның іске қосылуы Сәтбаев пен Жезқазған тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз етеді. Біздің басты мақсатымыз – Жезқазғанға дейін су жеткізу, — деді Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Қала үшін тағы бір маңызды нысан – қосымша кәріз коллекторындағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жаңа шағын аудандардың пайда болуына байланысты қазіргі коллектор жүктемеге төтеп бере алмайды. № 8 шағын ауданнан тазарту құрылыстарына дейін сарқынды суларды бұру бойынша сегізінші құбыр желісін салу туралы шешім қабылданды. Жоба Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек 16 пәтерлі төрт қабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңында болды. Мұнда мемлекеттік қордағы пәтерлерге кезекте тұрған қала тұрғындары тұрғын үй алады. Әзірге екі қабат тұрғызылды, бірақ құрылысшылар биылғы жылдың күзінде қоныс тойын тойлауға болады деп уәде береді.

Сонымен қатар, жеке инвесторлардың қаражаты есебінен Сатпаев қаласында тағы үш үйдің құрылысы жүргізілуде. Қалалық әкімдік онда көп балалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтар үшін 15 пәтер сатып алады. Сәтбаев қаласында да 320 орындық балабақша салынуда. Қазір шатыр жұмыстары мен әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.

Облыс әкімі қаладағы жолдардың жөнделуін де тексерді. Абаттандыру барысында биыл Сәтбаев қаласында 75 аулаға асфальт төселіп, 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Бұрынғы «Юность» стадионы да жөнделеді. Қазір мұнда геодезиялық жұмыстар жүргізілуде. Толық қалпына келтірілген спорт ғимаратында жеңіл атлетика орталығын ашу жоспарлануда.