Сәрсембай ОСПАНОВ
Ұлытау өңірінің дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек ардагері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагеріне теңестірілген тұлға Сәрсембай Оспанов 95 жасқа қараған шағында фәни-жалғаннан бақи-дүниеге озды.
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен абыз ақсақал 1927 жылы Жезқазған облысы, Ұлытау ауданы, Қаракеңгір совхозында дүниеге келген.
Оның балғын балалық шағы коллективтендіру науқанына, бүкіл қазақ халқының басына нәубет алып келген алапат ашаршылыққа, Алаш арыстарын қынадай қырған қуғын-сүргінге, сұрапыл соғыс жылдары мен одан кейінгі ауыртпалық арқалаған кезеңдерге тап келді. Жасөспірім бала белі бекімей жатып, 13 жасынан колхоздың ауыр жұмысына жегілді.
Ол 51 жыл үздіксіз атқарған есепшілік қызметінде өңірдің экономикалық ахуалын жақсартуға айтарлықтай үлес қоса жүріп, жаңашыл қадамдар жасаудан да қалыс қалмады. Кеңес одағының бухгалтерлік есеп саласында инновациялық жетістікке қол жеткізіп, сол жаңалықтың аудан көлемінде тәжірибеге енгізілуі жолында аянбай тер төкті.
Кеңес дәуірінде омырауына қадаған «Ерен еңбегі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдарының қатары еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін де лайықты марапаттармен толыға түсті.
Зейнет демалысына шыққан соң да ел игілігі үшін қызмет етіп, ел-жұртына өз қаламынан туған мазмұнды кітаптарын ұсынды. Бұл туындылары оның ұрпаққа қалдырған мұрасы іспетті.
Сәрсембай Оспанов ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, аудан тұрғындарының ынтымағы мен бірлігін нығайтуға қосқан зор үлесі, қоғамдық өмірдегі жоғары белсендігі үшін «Ұлытау ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болған.
Марқұмның отбасы мен туыс-туғандарына қайғыларына ортақтаса отырып, көңіл айтамыз.
Ұлытаудың ардақты ардагері, құрметті ақсақалының есімі мен бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
С.Медебаев, А.Мырзабеков, Ж.Бегаев, А.Қайырбек, Е.Дәуітбаев, Ә.Жандарбеков, Ш.Үмбетов, Қ.Бекілдеков, С.Бектемісов, Е.Әбжамалов, Ж.Әшенов, М.Мәткенов, А.Құрмансейітов.