Сұрапыл соғыс куәгері

Осыдан 32 жыл бұрын, яғни, 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері Ауған жерінен біржола шығарылды. Он жылға созылған бұл соғыстан елге қайтқан жауынгерлердің көбі мүгедек болып оралды. Хабарсыз кеткендер де көп болды. Талай жас жауынгер жат жерде ажал құшты. Бұл соғыста ТМД елдерінің 15 мыңға жуық адамы құрбан болды.

Он жылға созылған соғыс тарихта «Ауған соғысы» деген атпен қалды. Кеңес одағы басшылығының шешімімен Кеңес жауынгерлері Ауғанстан халқы алдында интернационалдық борыштарын өтеді. Олардың ішінде қазақстандықтар да бар еді. Солардың бірі – жерлесіміз, интернационалист-жауынгер, Ауған соғысының ардагері Қанат Ысқақов.

Қанат Әлғараұлы 1967 жылы 21 ақпанда Жетіқоңыр ауылында дүниеге келген. Бастауыш сыныпты №9 Ақкеңсе орта мектебінде аяқтап, онжылдықты Сәтбаев қаласындағы №27 орта мектепте тәмамдады. Ал, 1986 жылы әскери борышын өтеуге аттанып, екі жыл Ауғанстан жерінде оқ пен оттың ортасында жүрді. Соғысқа барудан бейхабар жас сарбаз әуелде Ташкент қаласында оқу-жаттығудан өтеді. Осыдан кейін оларды Ауғанстанның астанасы Кабулға жөнелтеді. Ауған жеріне табаны тиген күннен бастап-ақ кескілескен ұрысқа араласып кетеді. Қанды қырғын соғыс жүріп жатқан Кандагарда дұшпандарға бірнеше рет соққы беруге катысады. Файзобад, Черикар қалаларында ерекше операциялар жүргізеді.

Сондай ауыр күндердің бірінде Файзобад қаласында бірнеше танк экипаж қоршауда қалады. Қанат Ысқақовтың экипажы танкісімен колоннаның алдын бастап, тау шатқалы арқылы алға жүруге жол ашады. Осы жолғы шайқаста көрсеткен қайсарлығы мен табандылығы үшін Қанат Әлғараұлы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Бұл – біржолғы ғана ұрыс сәті. Ал, мұндай жан беріп, жан алысқан сәттер екі жыл ішінде аз болмады. Бүгінде жерлесіміз Қанат Ысқақовтың омырауында жарқыраған медальдар сол бір ауыр күндердің өшпес белгісі іспетті.

Соғыс бітсе де шекарашылар мен негізгі құрамалар Ауған жерінде ұзақ тұрды. Соңғы шығушы – қазақстандық офицер Виктор Харичев басқарған шекарашылар. Олар ешкандай сән-салтанатсыз, құшаққа алған гүлдерсіз Ауған жеріндегі соғыстың ақырғы нүктесін қойды. Сол жылы жерлесіміз Қанат Ысқақов ағамыз да аман-есен туған жерге оралды.

Жауынгер аға қазіргі таңда Сәтбаев қаласындағы №65 шахтада еңбек етеді. Отбасылы, үш баланың әкесі.

Меруерт ӨКСІКБАЕВА,

Мибұлақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы.