Сәлемдесу — мәдениеттіліктің белгісі

Адамзат баласы өмірде тілдесу, сөйлесу арқылы бірбірімен қарым-қатынас жасайды. Ондағы күнделікті сөйлеу құралы – тіл. Əр пенде тілдесу арқылы өз ойын, пікірін білдіреді. Сөйлесудің адам ғұмырында маңызы зор. Адам бір-бірімен кездескенде тілдесу, сөйлесуден бұрын əуелі сəлемдесуден бастайды. Қай ұлт пен ұлыс болмасын сəлемдесіп, амандық-саулық сұрасу – ол мəдениеттіліктің, тəрбиеліліктің нышаны.

Қашаннан ата-бабаларымыз сəлемдесуге үлкен мəн берген. «Сəлем – сөздің атасы» деген сөз бекер айтылмаса керек. Бұл тағылымды сөздің астарында ой саларлықтай терең мағына жатыр. Былай қарасаң, сəлемдесудің аржағында өзіне тəн əдеп пен тəртіп бар. Мысалы, екі мұсылман қарсы жолығып қалса, біріншісі «Ассалаумағалейкум» десе, екіншісі «Уағалейкумассалам» деп амандасады. Осы «Ассалаумағалейкум» сөзінің мағынасы «Сізге Аллаһтан амандық-саулық пен тыныштық тіледім» дегені. Ал, «Уағалейкумассалам» десе, «Сізге де Аллаһтан амандық тіледім» деген мағынаны білдіреді. Амандасудың бұл түрі сонау ықылым заманда Ислам дінінің келу кезеңімен қалыптасқан. Содан бері атадан балаға мирас болып келе жатқан сəлемдесу дəстүрі, осы тұрғыда кең тараған. Бірде Пайғамбарымызға бір адам келіп: «Дүниеде ең жақсы амал қандай?» деп сұрағанда, танысаң да, танымасаң да кездескенмен сəлемдесуің деп жауап берген екен. Əсіресе, мұсылман халқында амандасқан мезетте дауысын көтеріңкіреп сəлем береді. Құр бос бас изеп амандасу сүннетке жат. Егер сəлем беретін кісіңіз сіздің жаныңыздан алыстау тұрса, ишара білдіруге болады. Мысалы, «Ниса» сүресінде: «Егер сіздерге сəлем берілсе оның сəлемін оның сəлемінен де жақсырақ етіп қайтаруға тырыс» делінген. Тіпті болмаса, «өзінікіндей етіп қайтарыңыз» деп əмір етеді.
Негізінде, жас кіші үлкен кісіні көргенде бұрылып келіп қос қолдап сəлем беруге тиіс. Ал, нəзік жандар дауысын шығарып, бас иіп амандасады. Бұл – əдеп кіші буынның отбасынан алған тəрбиесін, көрегендігін көрсетеді. Өйткені, «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсету – адамдықтың негізі. Кім болса да сəлем беруге аса мəн бергені дұрыс. Оны болмашы əрекет деп қарамауы керек. Сəлем беруді алдыңғы орынға қойған абзал. Бір өкініштісі – қазіргі жастарымыз амандасудың адами қасиеттердің ең қастерлісі екенін ескермейтін болып тұр. Таныса да қол алып амандаспай, кейбір жас жігіттер бас изеп, қарттардың жанынан өтіп бара жатқанда қынжыласың. Жас өскіннің көбі «Ассалаумағалейкум» деген сөзді айтуды ұмытты. Үлкенге сəлем беруден алшақтап бара жатыр. Ондайдың талайын көріп те, біліп те жүрміз. Кей кезде жастарға айтып та жатырмыз. Бірақ, санасына сіңірген жастар аздау. Жасы 30 бен 40-қа таянса да сəлем беру мəдениеттіліктің белгісі екенін білмей жүрген жастар көп. Қала да емес, ауыл ішінде. Бəрі бірін-бірі біліп танитын ортада. Бір қуанарлығы, кейбір отбасының өрімдей бүлдіршіндері тақылдап амандасып тұрғанын көргенде еріксіз қуанасың. Бұл – ата- анасынан, отбасынан алған тəлім-тəрбиенің нəтижесі. Сайып келгенде, сəлемдесуден ешкімнің ештеңесі кеміп қалмайтыны ақиқат. Кейде «Ассалаумағалейкум» деген сөздің құдіреті келеңсіз жайлардан да қорғап қалып жатады. Аңыздарда əдепті сəлем бір елдің тағдырын шешкен деген дəйектемелерде келтіріледі. Онысы да рас. Кейде кейбір азаматты сəлемі түзу еді деп əспеттеп жатамыз. Қарап отырсақ, сəлем берудің өзінен адамның болмысы байқалады. Сəлемің түзу болса өзге адам да саған жылы қабақ танытары анық. Ал, мəдениеттілік сыпайы сəлем беруден басталады. Сондықтан, сəн-салтанатым келіссің десең, əуелі сəлемің түзу болсын, ағайын!

 Қайрат ЖҰМАБАЙ.