Сәләфилер «ақиқат жаршысы» ма?

«Сəлəфизм» деп аталатын ағым өкілдері бұрынғы Ислам ғұламалары талқыға салып, ара-жігін айқындап қойған көптеген діни қағидаларды бүгінгі қоғамда өзекті мəселеге айналдырып, діни сауаты төмен, қарапайым халықтың басын қатырып жүргендігі белгілі. Бұл ағымдағылар өздерін «сəлəфтардың жолын ұстаймыз, біздікі ғана дұрыс» дейді. Осы орайда, сəлəфтар дегеніміз кімдер?


«Сəлəфи» сөзі араб тіліндегі «сəлəф» сөзінен шығады. Мағынасы: «алғашқы буын», «бұрынғылар» дегенді білдіреді. Ислам дінінің алғашқы үш ғасырына жататын ғұламалар тобы «сəлəфтар» деп аталған. Бұл «сəлəф» ғұламалардың қатарына Исламдағы төрт мəзһабтың негізін қалаушы имамдар да жатады. Олар: Имам Əбу Ханифа, Имам Шафиғи, Имам Малик жəне Имам Ахмад ибн Ханбал (Алла оларды рақымына бөлесін).
Ал, бүгінде өздерін «сəлəфиміз» деп жүргендердің «алғашқы буынмен», яғни нағыз сəлəфтармен ешқандай байланысы жоқ. «Сəлəфия» сөзін жекешелеп алғандар өздеріне пір тұтатын һижраның (мұсылманша жыл санауы бойынша) 661 жылы дүниеге келген ибн Тəймийя мен 691 жылы туылған ибн Қайюм жəне Абдул Уаһһаб секілді ғалымдарының идеологиясын басшылыққа алады.
Негізі, «сəлəфия» ағымы – уаһһабилік ағымның жаңаша бір есімі. Егер бұл ағым «уаһһабия» есімімен бас көтеретін болса, оның негізін қалаушылардың араб елдеріндегі бұрынғы бүліктері əшкере болып қалуы мүмкін болғандықтан, олар «сəлəфия» деген есіммен шықты. Демек, сəлəфия ағымы мен уаһһабия ағымы – бір нəрсе.
«Уаһһабия» ағымы екі негізден құралған. Біріншісі: жария; екіншісі: жасырын. Жария болған негізі – «таухид» пен «ширкті» жалаулату. Жасырын негізі – мұсылман халқының айрандай ұйыған бірлігіне нұқсан келтіріп, бүлік салу арқылы дұшпандарға қызмет ету. Яғни бірінші жария негізді бүркену арқылы екінші жасырын болған негіздерін жүзеге асырады.
Сəлəфия ағымының белгілері:
1) Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын мойындамауы. Бұл тек біздің елдегі уаһһабилік идеологияны қолдаушылармен шектелмейді. Кез келген мұсылман елінде осы идеологияны жақтаушылар ресми Діни басқарманы мойындамай, үнемі оған теріс əрекет етеді;
2) Тек өздерін ғана «шынайы мұсылманбыз» деп, өзгелердің барлығын «мүшрік», ең жұмсақ айтқанда «бидғатшы» жəне «адасқан» деп санауы;
3) Ұлттық құндылықтарға жəне əдетғұрып, салт-дəстүрімізге қарсы келуі. Шариғатымызда бұл құндылықтардың орны ерекше екендігі баршамызға мəлім;
4) Сүнниттік бағыттағы төрт мəзһабты мойындамау. Қазіргі «сəлəфия» ағымы – сан ғасырлар бойы халқымыздың ұстанған қалыпты діни сенімі мен танымына, дəстүрлі Ханафи бағытына қарама-қайшы ұстанымды үгіттейтін теріс ағым.
Осыдан-ақ, еліміздегі сəлəфия ағымының терістігін аңғаруға болады. Демек, аталмыш сəлəфия ағымы елімізге соңғы жылдары шет мемлекеттерден келген жат ағым.
Уаһһабилік идеологиясы – экстремизмнің алғышарты, бастау көзі. Экстремизм ұшқын секілді, кішкентай болып басталады, бірте-бірте ұлғаяды. Жалынның да осындай кішкентай ұшқыннан басталатыны белгілі.
Кез келген елдің ел, ұлттың ұлт болып қалыптасуының негізгі 5 факторы болады. Олар: тілі, дəстүрлі діні, ділі (менталитеті), əдет-ғұрпы, ата-мекені, яғни отаны. Ал, бұл ағым жоғарыдағы бес фактордың бесеуіне де қарама-қайшы əрекет етеді.
Демек, қандай да бір ағым халқымыздың қалыпты наным-сенімі мен дəстүрлі Исламдағы бағытына қарама-қайшы бағытта болса, ол оның терістігін көрсетеді емес пе? Осыдан кейін-ақ «сəлəфия» ағымының дұрыс-бұрыстығына өздеріңіз баға беріңіз!

Нұрлан БЕКБОЛАТҰЛЫ.