Сұңқар аулауға тыйым салынады

«Ұлытау» ұлттық табиғи паркінде сұңқар тұқымдас құстарды қорғау тақырыбындағы баспасөз мәслихаты өтті. Маңызды жиынға «ОхотЗооПром» ӨБ РМҚК Орталық өңірлік филиалының Жезқазған тірек пункті инспекторлары Талғат АҚҚОШҚАРОВ, Саян БАЙТУЛЛИН, Арман ƏБДІСАЛЫҚОВ, Дастан БЕЙБІТҰЛЫ «Ұлытау» ұлттық паркінің директоры Айдын СЕРКЕБАЕВ, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан ҚОНЫСОВ және БАҚ өкілдері қатысты.

Басқосуда биылғы жылдың 1 шілдесінен 15 қарашаға дейінгі аралықта кең ауқымды «Сұңқар» акциясының өткізіліп жатқаны жайында сөз қозғалды. Осы мəселе төңірегінде әңгіме өрбіткен Жезқазған тірек пунктінің аға инспекторы Талғат Аққошқаров сұңқар құсын жəне сол тектес өзге де құстарды аулауға жол берілмейтіндігін, оған заң аясында қатаң тыйым салынатынын мəлімдеді.

Баспасөз мәслихатында көтерілген тақырып аясында кең мазмұнды түсініктеме берілді. Жиынның ұйымдастырылуына ұйытқы болған тарап «Ұлытау» ұлттық паркі мен аудандық полиция бөлімі қызметкерлерін аталған акцияға пәрменді түрде қолдау көрсетуге шақырды.

Брифинг барысында оған қатысушылар құзырлы инспекторларға өз сауалдарын қойып, оларға көңілге қонымды жауап қайтарылды. Басқосуға қатысушылар ақцияның өз мəнінде өтуіне атсалысатындықтарын жеткізді.

Жиын түйінінде табиғатты қорғау заңнамасы талаптарын бұзушылықтың алдын алу шараларын атқаруға қатысты хаттама толтырылып, бекітілді.

Қайрат ЖҰМАБАЙ