Құрылыстың жай-күйімен танысты

Жұмыс бабындағы сапармен Ұлытауға келген облыстық мемлекеттік құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат ХАМЗИН құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарда болды. Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВПЕН өңір дамуы үшін өзекті саналатын мәселелердің шешілу жолдарын талқылады.

Сапар барысында Қайрат Аманкелдіұлы аудан орталығында салынып жатқан кәріз тазалағыш қондырғы құрылысының қазіргі таңдағы жай-күйімен жете танысты.Нысанда іске асыырылған және алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстар жөнінде аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Берік Әбілов баяндады.

Бұдан кейін басқарма басшысы жаңадан салынып жатқан өлкетану мұражайы ғимаратының құрылыс жұмысын бағамдады. Бұл нысандағы жұмыстар биылғы жылдың күз маусымында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Қайрат Хамзин аудан басшысымен бірге ауданда туризм саласын дамыту жоспары аясында салынған Сапар орталығына да барды. Бұл жерде «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы директорының міндетін атқарушы Аман-Серік Есенғали туристерді қабылдайтын орындар мен ғимаратты жылыту қазандығын көрсетіп, оларға нақты сипаттама беріп, күнделікті жұмыс барысы хақында баяндады.

Сапар соңында басқарма басшысы аудан орталығында салынып жатқан екі 16 пәтерлі және екі 8 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы алаңында болып, жұмыс деңгейіне оң баға берді. Осы ретте, құрылыс жеке инвестициялар есебінен салынып жатқанын айта кету керек. Баспаналар сатып алу құқығымен жалға берілетін болады.

Жасұлан АЯШЕВ