Құрылыс жұмыстары – қарқынды

Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың алуан сипатта құбылуына қарамастан, құрылыс жұмыстарында іркіліс жоқ. Оны өз ауданымыздан да айқын аңғаруға болады. Бүгінде Ұлытау селосының орталығы үлкен құрылыс алаңына айналған…

Тамыз айының екінші жексенбісінде тойланатын құрыш қолдар мерекесі қарсаңында біз аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Берік ӘБІЛОВКЕ жолығып, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысы жайлы әңгімелескен едік.

– Берік Бейсалыұлы, әңгімені аудан бойынша қанша шаршы метр құрылыс салынатынынан бастасақ…

– Ұлытау ауданының 2021 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму индикаторларына сәйкес, құрылыс жұмыстарының көлемін 3 200,0 млн. теңгеге орындау жоспарланған. Құрылыстың жалпы көлемі – 7 684 шаршы метр.

«Тұрғын үйлерді пайдалануға беру» нысаналы индикаторы бойынша 2021 жылғы қаңтар-мамыр айларында Ұлытау ауданында 8379 шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға қабылданған (өткен жылғы кезеңге – 418,5%). Оның ішінде, тұрғын үй салушылармен, яғни, Ұлытау ауданының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі арқылы жеке тұлғалар актілеріне сәйкес, орындалғаны – 1085 шаршы метр (өткен жылмен салыстырғанда – 54,2 процент).

Аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің ақпараты бойынша үстіміздегі жылдың бірінші жартысында Ұлытау селосында жаңа 5 тұрғын үйдің, Талдысай елді мекенінде 2 тұрғын үйдің техникалық құжаттары рәсімделуде.

Ал, үшінші тамыздағы деректер бойынша жалпы аумағы 1085 шаршы метр тұрғын үйлер, оның ішінде, қаңтар айында – 3 тұрғын үй (313 м2), ақпан айында – 2 тұрғын үй (202 м2), наурыз айында – 2 тұрғын үй (122 м2), сәуір айында – 3 тұрғын үй (335 м2), мамыр айында 1 тұрғын үй (112 м2) пайдалануға қабылданған.

– Бүгінгі күні аудан жұртшылығының назарында тұрған ауқымды жұмыстардың бірі – Жамбыл және Тайжан көшелеріндегі тұрғын үйлер құрылысы. Бұлардың барысы қалай?

– Иә, қазір Ұлытау селосының орталығы үлкен құрылыс алаңына айналған. Аталған көшелерде 2 және 3 қабатты бес үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Атап айтқанда Жамбыл көшесінде жалпы ауданы 2 073,8 шаршы болатын 24 пәтерлі 3 қабатты үй және Тайжан көшесіндегі әрқайсының аумағы 994,0 шаршы метр болатын 2 қабатты 16 пәтерлік екі үй мен әрқайсының аумағы 497,0 шаршы метр болатын 2 қабатты, 8 пәтерлі 2 үй аудан жұртшылығын баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуге елеулі септігін тигізбек. Бұл орайда, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында, осы салынып жатқан тұрғын үйлерден 1-3 бөлмелі 72 пәтер сатып алу көзделіп отыр. Сондай-ақ, бюджеттік қаражаттар есебінен сатып алу арқылы және Ұлытау ауданының кент және ауылдық округтеріндегі жекеменшік қаражатына тұрғын үй салушы азаматтардың есебінен баспана мәселесін оңтайлы шешу жоспарлануда. Бұл ретте, 2021 жылға арналған аудандық бюджеттен Ұлытау селосында алғашқы нарықтан 24 пәтерді сатып алуға 364 791,0 мың теңге қаражат бөлінді.

– Берік Бейсалыұлы, өткен жылы ауданымызда «Жұмыспен қамтудың 2021-2022 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде бірқатар құрылыстар басталған еді. Олардың қазіргі жайы қандай?

– Иә, «Жұмыспен қамтудың 2021-2022 жылдарға арналған Жол картасын» іске асыру шеңберінде 2020 жылы 3 жоба басталған болатын. Оның бірі – Қарсақбай кентіндегі 100 көрерменге арналған денешынықтыру-сауықтыру кешені. Жұмыс мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін қолдану арқылы конкурс жариялаудан басталды. Конкурс қорытындысымен Мердігер ұйым – «Караганда Строй Конструкция» ЖШС жеңімпаз болды. Жобаның шарттық құны 440 635,6 мың теңгені құрайды. Нысанды пайдалануға қабылдаудың мерзімі – 2021 жылғы 31 қыркүйек.

Биылғы жылдың бірінші қаңтарындағы жағдай бойынша мердігер ұйым жер жұмыстарын, іргетасты орнату, металл конструкцияларын, күштік трансформаторды монтаждау жұмыстарын бітіріп, сыртқы электрлік жұмыстар орындалды, сэндвич-панельдер және металлопластик терезелер орналастырылды, ішкі әрлеу жұмыстары мен ғимараттың жылыту жүйесін орнату басталды. Мердігер ұйымның қаражаттары есебінен модульды қазандық сатып алу және орнату мәселесі – шешілу сатысында.

Жезді кентіндегі 160 орынға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жобасы бойынша да мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін қолдану арқылы «Караганда Строй Конструкция» ЖШС 393 717,1 мың тенгеге жеңімпаз болып анықталды.

Нысанды пайдалануға қабылдаудың мерзімі – 2021 жылғы қыркүйек айы.

Бүгінгі күні мердігер ұйымның құрылыс бригадасы нысанда бетондық жұмыстарды, металлоконструкция тіреулерін орнатуда.

Үшінші жоба – «Ұлытау селосында кәріз тазалағыш ғимараттардың құрылысы» бойынша 2-кезеңі іске асырылуда. Мердігер ұйым «Еңбек-Қарағанды» РМК-мен жасалған келісімшартқа сәйкес, жобаның құны 520,0 млн.теңгені құрайды. Нысанды пайдалануға қабылдаудың мерзімі – 2021 жылғы 31 желтоқсан.

Бүгінгі күнге дейін мердігер ұйым тарапынан жер жұмыстары 4 772 текше метр топырақ қазу (жобаланған кәріз қондырғыларын, қабылдау камераларын, қалдықтарды жинау және тазалау резервуарларын орналастыруға арналған жер алаңдарын дайындау), 480 метр кіреберіс автокөлік жолының астына төсенді әзірлеу, 600 метр қысымды кәріз құбырын орнату жұмыстары жүргізілді.

Ұлытау ауылынан кәріз тазалағыш қондырғылар мен жабдықтар, полиэтилен құбырлар құрылыс учаскесіне жеткізілді. Кәріз тазалағыш қондырғылар Орал қаласындағы зауыттан алынып, учаскеге орнатылды.

Қысқасы, ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жыл соңына дейін «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының Сапар орталығы мен Этноауылдың құрылысына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының тартылатын тораптарының құрылысы» жобасы мен аудан орталығындағы Өлкетану мұражайының құрылысы» жобасын да аяқтап, ғимараттарды іске қосу көзделуде.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.