Құрылыс нысандарын аралады

Жездідегі торқалы тойға арнайы барған облыс əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ мен аудан əкімінің міндетін атқарушы Мақсұт ОСПАНОВ мерейтойдың ашылу салтанатынан кейін кенттегі бірқатар маңызды нысандарды да аралады.

Аймақ басшысы өзінің кенттегі жұмыс сапарын спорт-сауықтыру кешенінен бастады. Осыдан екі жыл бұрын іргетасы қаланған кешеннің құрылысы əр түрлі себептермен созылып келеді. Біресе қаржысы жетпей қалды, кейін облыс өзгеріп, ауыс-түйіс жұмыстары құрылысқа кері əсерін тигізді.

Қазір аталмыш нысан өңір басшысының тікелей назарында. Қаржы да бөлінді. Жұмыстың барысы да қатаң бақылауда. Бұл жолы да Берік Əбдіғалиұлы мердігер компанияның басшыларына жолығып, жұмыстың жай-жапсарымен танысты. Қадау-қадау міндеттер де жүктеді.

– Біздің тарапымыздан барлық мүмкіндік жасалынды. Ендігі міндет сіздердің уақытпен санаспай еңбек етулеріңіз. Күн суып, қар жауғанға дейін кешеннің сырты қапталып бітуі керек. Ал, кешен жалпы келер жылы көктемде ел игілігіне берілуі қажет, – деп мəселені қабырғасынан қойды аймақ басшысы.

Облыс Əкімі Берік Əбдіғалиұлы бұдан соң ат басын кенттегі ауруханаға бұрды. Бұл емдеу орнының құрылысы да ұзаққа созылып барады. Мердігерлер кінəні бағаның өсуіне сілтейді. Қаржы жетіспей жатыр дейді. Қазір аурухана құрылысында бұл мəселе де шешілген.

Аймақ басшысы кенттегі емдеу мекемесін жаңғыртуға қажетті қаржыны бөлді. Ендігі міндет, күн суытпай тұрып жұмыстың басым бөлігін өндіріп тастау.

– Қазіргі ауа райының қолайлы кезеңдерін пайдаланып терезелерді орнатып, жылу желілерін тартып алу керек. Қалған жұмыстар іште жасалынады ғой. Осыған баса күш салыңыздар, – деді əкім мердігер компанияның жетекшісімен кездесуде.

Аймақ басшысы сондай-ақ, аурухана маңын абаттандыру, ем алуға келетін жандарға қолайлы жағдай жасау үшін күнқағары бар шағын орындықтар орнату мəселесін де қозғады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ