Құрылыс іргетасына капсула салынды
Ұлытау облысы құрылғалы Жезқазған қаласының екінші тынысы ашылды. Бүгінде мысты шаһарда заманауи үлгідегі жаңа нысандардың құрылысы бастау ала бастады. Соның бірі – Жезқазған өрт сөндіру депосының құрылысы. Өткен аптада осы құрылыстың капсуласы салтанатты түрде салынды.
Жалпы кез-келген жаңа нысанның құрылысы ең əуелі оның құрылысы салынатын жерге нысанның сипаты жазылған капсула салудан басталады. Осындай салтанатты шара мысты шаһарда да болды. Ол Жезқазғанда өрт сөндіру депосының құрылысын бастауға арналған естелік капсула салу рəсімі. Салтанатты рəсімге Ұлытау облысының əкімі Берік Əбдіғалиұлы, Ұлытау облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Есен Байыров жəне «Қазбайлық Астана» ЖШС қызметкерлері қатысты.
Рəсім барысында өңір басшысы азаматтық қорғаныс нысанының маңыздылығын атап өтіп, ғимараттың жұмыс істеуі мен оның сыртқы келбеті жөнінде бірқатар ұсыныс берді.
Өз кезегінде «Қазбайлық Астана» ЖШС директоры С.Мырзатаев Жезқазғандағы өрт сөндіру депосы кешені құрылысының жобасымен таныстырды. Оның айтуынша, жаңа кешен ауқымды болмақ. Оның аумағында 4 автокөлікке арналған бокс, қызметкерлерге арналған жатақхана, жеке құрамды жаттықтыруға арналған спорт алаңы мен оқу мұнарасын, сондай-ақ жанармай құю станциясын салу жоспарлануда. Нысанды пайдалануға беру мерзімі – 2024 жылдың бірінші тоқсаны.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ