Құрылыс қарқынды дамуда

Құрылысты дамыту Ұлытау ауданының негізгі экономикалық жəне саяси міндеттерінің бірі. Құрылыс – басқа салалардан ерекше. Осы кəсіптің өкілдері өз еңбектерінің ғасырларға қалатынымен мақтан алады, себебі құрылысшының жұмысы—бəрінен бұрын үлкен жауапкершілік. Өйткені, өлкенің көркеюі сəулетшілер, жобалаушылар, құрылысшылар жұмысына тікелей байланысты.

Елдегі құрылыстың болашағы – сəулетті нысандарымен ғана емес, сапалылығымен ерекшеленеді. Бүгінде құрылысшылардың бірлескен еңбегі өңірдің келбетін айтарлықтай ажарлы ете түсуге мүмкіндік берді. Солардың арқасында тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы орнықты орындалуда. Осы тұрғыдан алдғанда, 2023 жылға арналған əлеуметтік – экономикалық даму индикаторларына сəйкес, құрылыс жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражат көлемі аз емес. Демек, ауданда құрылыс жұмыстарын жүргізудің ауқымы биылда кеңейе түспек.

Аудандық құрылыс бөлімі ұсынған ресми мəліметке сүйенсек,осы жылы да бірқатар нысандар бой көтермек. Соның бірі – аудан орталығында салынып жатқан үшқабатты 42 пəтерлі тұрғын үй құрылысы . Нысан аумағы 2722,4 шаршы метр. Құрылыс жұмыстарын «Самға» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Кəсіпорыннан нарықтағы пəтерлерді сатып алу сомасы 740 000,0 мың теңге.Бұл үш қабатты үйдегі бір жəне төрт бөлмелі 42 пəтерді сатып алу бағасы. Осыған жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға мұқтаж азаматтарға, оның ішінде көпбалалы отбасы ,əлеуметтік əлсіз топтардың өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекемелдер мамандары сондай-ақ, апатты үйлерде тұратындар тіркелген. Нысан 2024 жылы тұрғындар игілігіне тапсырылуы тиіс.

«Ауыл –ел бесігі» жобасы аясында қолға алынған игілікті істердің бірі – ауылдарға фельдшерлік – акушерлік пункттердің салынуы. Аталған нысандардың құрылысын салуға облыстық бюджеттен – 128 млн. 090 мың теңге бөлінген. Бүгінгі күні Қаракеңгір, Сарысу, Терісаққан, Мибұлақ, Байқоңыр, Қарақұм ауылдық округтерінде фельшерлік – акушерлік пункттер салынып жатыр. Биыл нысандардың құрылыс жұмыстарын толық аяқтап,қолданысқа беру жоспарлануда.

Бұдан бөлек, Ұлытау облысы денсаулық сақтау басқармасының тапсырысымен Ұлытау селосы, Тайжан көшесінде 20 кереуеттік, сыйымдылығы 100 адамға арналған екіқабатты аурухананың құрылысы тамыз айының орта кезінде басталмақ. Қазір нысанның жобалау-сметалық құжаттамалары толық əзірленген. Сонымен қатар, аудан орталығындағы жазғы саябақ ішіне жабық жүзу бассейін құрылысын салу жоспарда бар. Нысанның жалпы аумағы 12 26,9 шаршы метр болмақ. Аталған нысанның жобалау-сметалық құжаттарын жасатуға жергілікті бюджеттен 25 млн. теңге бөлінген. Қазіргі уақытта Ұлытау округі əкімдігімен құрылысты салу жерінің шекарасын бөлу жұмыстары аяқталып, нысанның жобалау-сметалық құжаттарын əзірлеуге ашық конкурс жарияланды. Мұнымен қоса, Ұлытау селосы, Иманжан көшесі бойындағы өзен жағалауына каскад жүйесі мен автокөлік жолдарының құрылысы жəне абаттандыру жұмыстары басталады. Жобалаушы – «НПЦ САМИ» ұйымы, аяқталу мерзімі –2024 жылдың қазан айы.

Ал, Жезді кентіндегі 160 орынға арналған дене – шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы 2020 жылы басталған. Мердігер компания – «Карагандастрой конструкция» ЖШС. Нысан құрылысы 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталуға тиіс еді. Бір өкініштісі, бұл нысан əлі толық аяқталмаған. Бар болғаны жұмыстың 40 пайызы ғана орындалған. Пандемия салдарынан құрылыс жұмысы тұралап қалған. 2022 жылы техникалық бақылаушының анықталмауына байланысты бөлінген қаржылар игерілмей, бюджетке кері қайтарылған. Енді биыл нысан құрылысы ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін аяқталуға тиіс.

– Қай салада, қай нысанда болсын, атқарылатын іс-түпкі нəтижесімен құнды. Əсіресе, мойынға алған міндетті қапысыз еңсеру қажет. Құрылыс жұмыстары қашанда ыждағаттылықты, реттілік пен сапаны қажет етеді. Барлық құрылыс нысанындағы жұмыстарды үнемі қадағалау қажет. Сондықтан, салаға жауапты мемлекеттік мекеме ретінде сол талаптың үдесінен шығу үшін тынбай екбек етудеміз. Сөз орайы келгенде, айта кетейін. Ұлытау селосы, Тайжан көшесі бойындағы бір жəне үш бөлмелі 10 коммуналдық тұрғын үйге жəне «Тəуелсіздіктің 20 жылдығы» көшесіндегі 10 үйлерге инженерлік- коммуникациялық ифрақұрұлымы торабының құрылысын салу жəне абаттандыру жұмысына жобалау – сметалық құжаттары жасалынып, сараптамадан өткізілді. Облыстық құрылыс басқармасына ұсынылған бюджеттік өтімге сəйкес екі жылға республикалық бюджеттен қаражат қарастырылып отыр. Қазір техникалық бақылау конкурсы толық аяқталып, жеңімпаз мердігермен келісім-шарт жасалды. Межелі жұмыстарды компания – «Баймен» ЖШС құрылысшылары атқаруда. Бұл инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылысы – дара бітімді ерекше жобалар санатында, – дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Ғабит Дәуітбаев.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.