Рухты көтерген жаңа ән

Әңгіме жаңа әннің тұсаукесер таныстырылымы жайында. Наурыз мерекесі қарсаңында аудандық Мәдениет үйінде поэзия өлкесіне соқпағын салған жас ақын, Аманкелді ауылының тумасы Медет Қарахметовтің сөзіне жазылған Сыр елінің азаматы, қызылордалық сазгер Жарасқан Төлеубайдың «Ұлытау» әні орындалды. Бұл ән қазіргі эпидемиологиялық ахуал кезінде өнерсүйер қауымның көңілін бір сергітіп, жан-дүниесін толқытқандай болды. Әннің жарыққа шығуына демеушілік жасаған ұлытаулық азамат Марат Бекмағанбетов екенін кеш тізгінін ұстаған Жандос Сыздықов таныстырды.

Жаңа әннің тұсаукесер салтанатына аудан әкімі Советбек Медебаев қатысып, Ұлытау жұртын Наурыз мейрамымен құттықтады. Сонымен қатар, аудан басшысы жас таланттардың қадамына ақ жол тілеп, қаржылай қолдау көрсеткен Марат Бекмағанбетовке алғысын жеткізді.

Әдемі тілекті әсерлі әдіптеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков пен ардагер ұстаз, ақын Шәрипа Сағадиева талантты жастарға ақ батасын беріп, өнердің ауыр жолында алдыңғы қатардан көрінулеріне тілектестік білдірді.

Бұдан кейін игі шараның шымылдығын әнмен түрген Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттері – ұлытаулық Ақжол Әмірхан мен аманкелділік Бексұлтан Барақбай «Ұлытау» әнін асқақтата шырқап, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды. Екі әнші де жаңа әнді тыңдаушысына елжірете, туған жерге деген махаббаттың мөлдір тамшысындай таза сезіммен орындап шықты. «Ұлытау» әні біздің де жан-дүниемізді тербеп, мына жарқын өмірге деген құштарлығымызды асқақтата, мейірлендіре түскендей болды.

Шырайлы шара барысында өнерпаздарға сый-құрмет көрсетіліп, аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Өнерпаздардың өнердегі ұстазы, достары да сөз алды. Әр тақырыпта әсерлі әуендер әуеледі.

Жалпы, бұл кеште «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жерге туың тік!» жоба-бағытында өз өлкесін дәріптеуге ұмтылған игі ниеттің нақты нәтижемен ұштасқанын көрдік.

Қайрат ЖҰМАБАЙ