Руханияттың кәусар бұлағы
Хəкім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ 10 тамызды «Абай күні» деп белгіледі. Содан бері бұл күн елімізде шынайы руханият мерекесі ретінде аталып өтіп келеді. Күні кеше күллі қазақ жұрты Абай күнін арқа-жарқа атап өтті. Дəл осы күні əрбір қазақ Абайдың жүрегіне шамасы жеткенше бойлап, оны барынша тануға, барынша зерделеуге тырысты.
Немістер Гетесімен, орыстар Пушкинімен мақтанады. Ал біз халқымызды өркениеттің өріне қарай жетелеген, қалың елдің Абайымен мақтана аламыз. Абай адамзаттың Абайы. Оның терең пəлсапасы, мазмұнды һəм мағыналы қара сөздері, надан болмай, адам болуға шақыратын мəңгілік шығармалары, рухани мол мұрасы, классикалық əндері күллі адамзатқа ортақ.
Абай ешкімге ұқсамайтын болмысымен, асқан дарынымен əлемдік дəрежедегі дара тұлға болып қала бермек. Ол қазақтың қасиетті топырағы тудырған əлемнің перзенті. Өйткені, ақынның дүниетанымы, озық ойлары, салмақты сөздері, өзектілігін жоймайтын пəлсапасы қай жерде, қай ортада, қай елде болмасын өтімді əрі маңызды. Оның адамзатқа ауадай қажет туындылары ешқашан өлмейді. Керісінше зерделеніп, зерттеле береді.
Мына қызылды-жасылды дүние есігін ашып, рухани құндылыққа ұмтылғысы келген əрбір адам, Абайдың шығармаларымен етене танысу керек. Өйткені, Абайды оқыған сайын жаңарып, тазара бересің. Тереңіне бойлаған сайын ойлана түсесің. Абайдың ойы, ақынның толғанысы, данышпанның қайғысы – бүтіндей тіршіліктің үні, тұтас қоғамның сөзі.
«Абай надандықтың құлпы, адамдықтың кілті», дейді ел зиялылары. Риясыз айтылған сөз. Абай мектебі – руханияттың кəусар бұлағы! Оның тағлымын таныған кісі кемел келешекке бет бұратыны ақиқат.
P.S. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нəрселермен озады. Одан басқа нəрсемен оздым ғой демектің бəрі де – ақымақшылық» – дейді данышпан. Қандай керемет сөз. Бүгінгінің байлығына мастанып, зəулім үйі мен шетелдік көлігін айтып мақтанып жүргендері оқыса ғой осыны. Əй, оқымайдау бірақ…
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.