Өрт – салғырттық пен қателікті кешірмейді
Табиғатты қорғауға, қоршаған ортамызды болашақ ұрпаққа аман сақтап, қалдыру үшін барлық жауапкершілік орманшыға жүктеледі. Орман – ел байлығы, халық несібесі. Ойланбай кескен əрбір ағаштың зардабы талай өскінді құртады. Табиғат байлығын қорғауға барлығымыз атсалысайық! Орманшылар ересектер мен балалар арасында түсіндіру жұмысын əрдайым жүргізіп келеді. Орманға кірерде барлық жерде көрініп тұратындай, келушіге алдын ала ескертетін, өртке ұқыпсыз қараудан сақтандыратын жəне жасыл желекке ұқыпты қарауға шақыратын аншлаг, плакаттар ілініп тұрады.
Қазақстан Республикасының Орман кодексі бойынша жəне Қазақстан Республикасы Үкіметімен бекітілген өрт қауіпсіздігі ережелерінің талабына сəйкес, қураған шөптесін бар жерде, сонымен қатар, ағаштың астында от жағуға тыйым салынады. Минералдандырылған жиектермен қоршалған басқа жерде от жағуға болады. Отты топырақпен əбден көміп жəне сумен толық сөндіруі керек. Жанып тұрған шырпыны, темекі тұқылын лақтыруға болмайды. Əр тракторшы ұшқын сөндіргіш жəне өртке қарсы құралдар, сыпырғыш болуы керек екенін біледі. Мемлекеттік орман қоры аумағында жұмысын жүзеге асыратын жеке тұлғалар, ұйым басшылары, мəдени-көпшілік жəне басқа да шара жүргізетін жауапты адамдар орманға кірер жəне шығар алдында демалушыларға, жұмысшыларға, мəдени-көпшілік жəне басқа да шараға қатысушылар өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау, орман өртінің пайда болуын ескерту, сонымен бірге өрт сөндіру тəсілдерінің нұсқамалығынан өтуі тиіс. Орманда өрттің алдын алу, санитарлық жағдайды сақтау, ағашты зақымдаудан қорғау – негізгі мақсат екенін естен шығармайық. Десек те, бес саусақтың бəрі бірдей емесі сияқты, адамдардың да бəрі бірдей емес. Кейбір демалушылар орманның таза ауасымен тынығып, сұлулығын тамашалап жүріп от жағады, тұрмыстық қалдықтарды тастап кетеді. Ағаш бұталарын сындырып, зиянын тигізеді. Ал, босаған шишалар, əйнектер, темекі қалдығы, дұрыс сөнбеген от ошақтары – орман өртінің басты себептері. Орман өрті – үлкен апат. Ол орманға ғана емес, қоршаған ортаға да үлкен зиян келтіреді. Сондықтан, ауыл адамдарын, келген қонақтар мен демалушыларды Табиғат ана сыйлаған асыл мұра – орманымызды сақтауға шақырамыз!
Дəулет МАМАНОВ,
«Ұлытау» МҰТП» РММ ОӨСБ бастығы.