Құрметті жерлестер! Қадірлі Жезді кентінің тұрғындары!

Сіздерді Жезді кенішінің 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл – кенттің барлық тұрғындары мен тумаларын ортақ мүддеге біріктіретін мереке.
Бұдан 80 жыл бұрын Ұлы Отан соғысының қысылтаяң кезеңінде академик Қаныш Сəтбаевтың тікелей басшылығымен аз ғана мерзім ішінде Жезді кенішінен алғашқы марганец кені алынған еді. Соның нəтижесінде Кеңес одағының əскери қуаты артып, Ұлы Жеңістің жақындай түскені тарихтан жақсы белгілі.
Жезді кентінің ауданның дамуына қосқан үлесі өлшеусіз екенін айрықша атап өткен жөн. Өкінішке орай, қордаланып қалған түйткілді мəселелері де бар.
Алдағы уақытта барлығымыз солардың оңтайлы шешілуі мен кенттің одан əрі өркендеуі жолында тынымсыз еңбек ететін боламыз. Сол үшін осы бастан даму бағдарламасы дайындалуы – шарт. Бүгінгі күні болашақта атқарылуы тиіс жобалар жоспарлануда.
Өткен жылы кент көшелері жолдарына асфальт төселді. Оқушылар үйі ашылып, білім беру жəне мəдениет ошақтарына күрделі жөндеу жүргізілді.
Спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы салынуда, аурухана ғимаратында күрделі жөндеу жұмысы жасалуда.
Мерейтой аясында Жезді кентінің қауымы, оның ішінде, жас буын өкілдері бастама көтеріп, көлемді той өткізудің қамына батыл кіріскені жалпы жұртшылықты қуанышқа кенелтті. Бірлік пен берекенің арқасында игі істердің əлі де атқарыла берері күмəнсіз.
Құрметті кент тұрғындары!
Баршаңыздың еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақыт тілейміз.
Туған жердің бағын асыратын, мерейін тасытатын əрекеттердің қашанда жемісті бола беруіне тілектеспіз.

Мақсұт ОСПАНОВ,
аудан əкімінің міндетін атқарушы.
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
аудандық мəслихаттың хатшысы.